Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың мөлшерін және санаттарының тізбесін айқындау туралы

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың мөлшерін және санаттарының тізбесін айқындау туралы

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 14-1-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабы 2-9-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

  1. Осы шешімге қосымшаға сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың мөлшерін және санаттарының тізбесін айқындалсын.
  2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың мөлшері мен санаттарының тізбесі

  1. Әрбір алушыға арналған тұрғын үй сертификаттарының мөлшері:

1) тұрғын үй несиесі сомасының 10 пайызы, бірақ 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын мөлшерде әлеуметтік көмек түрінде;

2) тұрғын үй несиесі сомасының 10 пайызы, бірақ 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын мөлшерде әлеуметтік қолдау түрінде.

  1. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаттарының тізбесі:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жеңілдіктері бойынша теңестірілген ардагерлер;

3) басқа мемлекеттердің аумақтарында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;

4) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

5) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

6) уәкілетті орган бекітетін аурулар тізімінде көрсетілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

7) жасына байланысты зейнеткерлер;

8) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелеттік жасқа дейін ата-анасынан айырылған жетім балалар;

9) кандастар;

10) экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан баспанасынан айырылған адамдар;

11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ «Ана даңқы» ордендерімен I және II дәрежелі наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

12) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, әскери қызмет атқару, ғарыш кеңістігіне ұшу кезінде дайындық немесе оны жүзеге асыру, адам өмірін құтқару, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

13) толық емес отбасылар;

14) асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатқан (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) балалары бар жесір әйелдер (жесір ерлер).

15) денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы бюджеттік ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын, еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бойынша статистикалық бақылау деректері негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 мамырдағы № 161 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық еңбек ресурстарын болжау жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қағидаларға сәйкес қалыптастырылатын еңбек ресурстары болжамын ескере отырып айқындалатын сұранысқа ие мамандар (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32546 болып тіркелген).