Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау – бұл өндірістік объектілерді (цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын, сондай-ақ өндірістік қызметті жүзеге асыратын жұмыс берушілердің өзге де жеке тұрған бөлімшелерін) оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсіздігін, зияндылығын, ауырлығын, шиеленісін, еңбек гигиенасын айқындау және өндірістік орта жағдайларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестігін айқындау мақсатында бағалау жөніндегі қызмет.

Өндірістік объектілер еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімді аттестаттауға жатады, оны өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі мамандандырылған ұйымдар кемінде  бес жылда бір рет мерзімді түрде жүргізеді.

Еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізу тәртібі 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1057 Өндірістік объектілерді  еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізу қағидаларында көзделген.

         Жұмыс орындары орналастырылатын ғимараттар (құрылыстар) өз құрылымы бойынша олардың функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келуі тиіс.

         Жұмыс жабдығы жабдықтың осы түрі үшін белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуі тиіс, тиісті техникалық паспорттары (сертификаты), ескерту белгілері болуы тиіс және жұмыс орындарында жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғау құрылғыларымен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қызметкерлердің үй-жайдан шығуына арналған авариялық жолдар белгіленуі тиіс, олар бос болып, ашық жерге немесе қауіпсіз аймаққа шығаруы тиіс.

Қауіпті аймақтар нақты белгіленуі керек. Егер жұмыс орындары жұмыс сипатына байланысты қызметкерге қауіп төндіретін қауіпті аймақтарда орналасса, онда мұндай орындар бөгде адамдардың осы аймақтарға кіруіне кедергі келтіретін құрылғылармен жабдықталуы тиіс.

         Ұйымның аумағында жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары қауіпсіз жағдайда болуы тиіс.

Жұмыс уақыты ішінде жұмыс орындары орналасқан үй-жайда температура, жарықтандыру, сондай-ақ желдету жүйесі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым (екі және одан да көп) жұмыс жүргізген кезде, олардың осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауы жөніндегі жалпы үйлестіру жұмыстарын бас мердігер  жүзеге асыруы тиіс.

         Өндірістік объектілерді аттестаттаудан өткізу тәртібінің сақталуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды.