ТЖ кезеңінде еңбек заңнамасын қолдану бойынша ұсынымдар

ТЖ кезеңінде еңбек заңнамасын қолдану бойынша ұсынымдар

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) нормаларына сәйкес, төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу, төтенше жағдайды жариялау үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезінде, жұмыс берушілер келесі әрекеттерді жасауға құқылы:

Жұмыскерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру (Кодекстің 138 бабы):

Қашықтан жұмыс істеу –жұмыс беруші, қабылдаушы тарап және олардың объектілері тұрған жерден тыс жерде еңбек қызметі процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып еңбек процесін жүзеге асыру.

Қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді.

Бұл ретте жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Жұмыс берушінің актісінде міндетті түрде:

1) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеу негізі;

2) өздеріне қатысты қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу уақытша белгіленген жұмыскерлердің тізімі;

3) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеуге негіз болған жағдай жойылатын күннен аспайтын, қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу мерзімі қамтылуға тиіс.

Қашықтан жұмыс істеген кезде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұмыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді.

Бос тұрып қалу уақытын жариялау(Кодекстің 112 бабы):

Бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған жағдайларда не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде жұмысты уақытша тоқтата тұру.

 

Бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен айқындалады, егер бос тұрып қалуды ресімдеу тәртібі еңбек, ұжымдық шарттарда көзделмесе, онда бос тұрып қалудың басталуы бос тұрып қалу себептері көрсетіле отырып, жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Бос тұрып қалуға ақы төлеу:

- жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша – жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде;

- жұмыс берушінің кінәсінан болғанда – жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде;

- жұмыскердің кінәсінан жол берілген бос тұрып қалу уақытына ақы төленбеуге тиіс.

Бос тұрып қалу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа шыққан күні туралы алдын ала хабардар етеді, жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға кірісуге міндетті.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, облыстағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалуды жариялау ұсынылады.

  1. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру (Кодекстің 42 бабы):

Бос тұрып қалу жағдайында жұмыс берушінің жұмыскерді денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа оның келісімінсіз, бос тұрып қалудың барлық кезеңіне ауыстыруға құқығы бар.

Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру кезінде жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша жүргізіледі.

Вахтаның ұзақтығын ұлғайту:

Кодекстің 135 бабының 4 тармағына сәйкес, төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған кезеңде, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезінде, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да ерекше жағдайларда жұмыс беруші жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығын сақтай отырып, жұмыс берушінің актісімен жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін вахтаның ұзақтығын ұлғайтуға құқылы.

Бұл ретте, еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес, бірақ еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген жұмыс істеген ай үшін жалақы төлеу күнінен кешіктірмей қызметкердің күндізгі (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, бір жарым мөлшерден төмен емес, қызметкердің үстеме жұмыс істеген сағаттарының санына (вахтаның ұзақтығы ұлғайған кезде) жоғары мөлшерде ақы төлеу қажет.

«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңның 60-бабының  4-тармағына сәйкес бұл түсіндірме міндетті заңдық күшке ие емес және ұсынымдық сипатта болады.