Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау бұл өндiрiстiк нысандарды (өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыратын цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындарын, сондай-ақ жұмыс берушiлердiң бөлек тұрған өзге де бөлiмшелерiн) оларда орындалатын жұмыстар қауiпсiздiгiнiң жай-күйiн, зияндылығын, ауырлығын, қауырттығын, еңбек гигиенасын айқындау және өндiрiстiк орта жағдайларының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестiгiн айқындау мақсатында бағалау жөнiндегi қызмет. Өндiрiстiк нысандар еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдiк аттестаттауға жатады.

Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексiнiң 182-бабына сәйкес қызметкерлер өкiлдерiнiң қатысуымен жұмыс берушi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен қағидаларға сәйкес кемiнде бес жылда бiр рет өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша мерзiмдi аттестаттаудан өткiзуге мiндеттi.

Өндiрiстiк нысандарды аттестаттау жөнiндегi мамандандырылған ұйымдар — бұл өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын, бiлiктi кадрлары және өзiнiң құрамында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары бар ұйымдар.

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөнiндегi мамандандырылған ұйымдар тiзiмi https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/article/details/12656?directionId=292&lang=ru сiлтемесi бойынша орналасқан.

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау аяқталғаннан кейiн өндiрiстiк нысандарды аттестаттау жөнiндегi мамандандырылған ұйым оның нәтижелерi туралы мәлiметтердi белгiлеген тәртiппен күнтiзбелiк он күн iшiнде еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға жiбередi.

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдiк аттестаттау қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1057 бұйрығымен бекiтiлген.

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттамаған жағдайда, ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiнiң 94-бабына сәйкес жұмыс берушiге қатысты әкiмшiлiк жауапкершiлiк көзделген.