
Қауіпсіз еңбек жағдайлары – бұл жай ғана ұсыным емес, бұл жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген міндеті.
Қызметкердің өмірі мен денсаулығы еңбек заңнамасының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жұмыс беруші зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін мүмкіндігінше болдырмау немесе азайту үшін жұмысты ұйымдастыруға міндетті.
Жұмыс беруші нақты не істеуге міндетті?
ҚР Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
- кәсіптік тәуекелді бағалауды жүргізуге және профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіздеріне ауыстыру арқылы оны азайту және жою жөнінде шаралар қабылдауға;
- жұмыскерлерді қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді, білімдерін тексеруді жүргізуге, сондай-ақ өндірістік процесті және жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;
- жұмыскерлерді өндірістік процесті және жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қажетті құжаттармен және нұсқаулықтармен қамтамасыз етуге;
- егер еңбек жағдайлары бойынша қажет болса, жұмыскерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге;
- заңнамада, келісімдерде және ұжымдық шарттарда көзделген жағдайларда міндетті медициналық қарап-тексерулерді жүргізуге;
- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды заңнамада белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруге;
- қауіпсіздік және еңбекті қорғауға ішкі бақылауды жүзеге асыруға және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
- жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін қауіпті жағдай туындаған кезде қажетті шаралар қолдануға міндетті.
Қаржыландыру: 100% жұмыс берушінің есебінен.
ҚР Еңбек кодексінің 180-бабына сәйкес қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушінің қаражаты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
❗ Жұмыскер қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге арналған шығыстарды көтеруге міндетті емес.
Бұл ретте, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі үшін жауапты болуы жұмыскердің өзінен жауапкершілікті алмайды.
Жұмыскер, өз кезегінде, қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, берілген қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалануға, қажетті оқудан және медициналық қарап-тексерулерден өтуге, сондай-ақ жұмыс берушіге қауіпті жағдайлар, өндірістік жарақаттар және өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да мән-жайлар туралы дереу хабарлауы тиіс.
Жұмыс беруші тек қағаз жүзінде нұсқама берумен ғана шектеле алмайтыны маңызды. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау – бұл тәуекелдерді бағалауды, жұмыскерлерді оқытуды, жабдықтардың ақаусыз болуын, қорғаныс құралдарын, медициналық қарап-тексерулерді, бақылауды және еңбек жағдайларын тұрақты түрде жетілдіруді қамтитын кешенді жүйе.
ҚР Еңбек кодексінің негізгі нормалары:
* 22, 23-баптар — қызметкердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға негізгі құқықтары мен міндеттері;
* 180-бап — еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар және іс-шараларды қаржыландыру;
* 181-бап — қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері;
* 182-бап — жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері;
* 182-1-бап — қабылдаушы тараптың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері.
Қауіпсіз еңбек жағдайлары - бұл ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын сақтау екенін есте сақтау қажет!