
ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің СҚО бойынша департаменті.
Еңбек инспекциясы департаменті Министрліктің еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық ведомствосы болып табылады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Негізгі міндеттері:
Жұмыс берушілерге бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізу, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру арқылы қызметкерлердің еңбек құқықтарын, соның ішінде еңбекақының уақытылы төленуіне, демалысқа, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына, қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын қорғау.
Мемлекеттік бақылау қандай нысандарда жүргізіледі.
Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау келесі негізгі нысандарда жүргізіледі:
1) Жоспардан тыс тексеру
Тексеру нақты жұмыс берушіге қатысты тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген нысана бойынша жүргізіледі.
2) Бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау
Профилактикалық бақылау жұмыс берушіге бару арқылы, әдетте, тәуекелдерді бағалау жүйесі және жартыжылдық тізім негізінде жүргізіледі.
Жоспардан тыс тексерулер жүргізуге не негіз болады?
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағына сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізуге мыналар негіз болады:
- нұсқамалардың орындалуын бақылау;
- сенімді негіздер мен растайтын дәлелдемелер болған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылуы бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
- адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша прокурордың талаптары;
- нақты фактілер бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
- қылмыстық іс шеңберінде қылмыстық қудалау органының тапсырмасы.
Тексерулер жүргізу кезіндегі жұмыс берушінің міндеттері
Тексерулер жүргізу кезінде жұмыс беруші:
1) лауазымды тұлғалардың аумаққа және үй-жайларға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) тексеру материалдарына тіркеу үшін лауазымды тұлғаларға қағаз және электрондық тасымалдағыштардағы құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін ұсынуға;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) объектіге тексеру жүргізу үшін келген тұлғалардың зиянды және қауіпті өндірістік факторлардан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті;
Жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтар туралы нұсқама беру
Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына байланысты мемлекеттік еңбек инспекторы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарады.
Жұмыс беруші белгіленген мерзімде бұзушылықтарды жоюға және еңбек инспекциясына растаушы құжаттарды қоса бере отырып, нұсқаманың орындалуы туралы ақпарат ұсынуға міндетті.
Егер жұмыс берушіге объективті түрде қосымша уақыт қажет болса, ол нұсқаманың орындалу мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Мұндай өтініш белгіленген тәртіппен беріледі, ал бақылау органы уәжді негіздемемен ұзарту туралы немесе ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.