Еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы

Еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы

Елде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін ауқымды реформалау және кәсіптік тәуекелдерді басқарудың түбегейлі жаңа моделіне көшу басталды. Адам капиталы кез келген кәсіпорынның басты активі болып табылады, сондықтан қауіпсіз еңбектің проактивті мәдениеті мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналуы тиіс.

Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесінің жаңа моделін енгізуде, ол әрбір нақты кәсіп бойынша тәуекелдерді жеке бағалауды және кәсіпорындарды интегралдық бағалауды енгізу; тәуекелдерді басқару тәсілдерін бөлу: ірі өндірістік объектілер үшін стандартты тәртіп және шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін оңайтылған тәртіп; бағалау жүргізу үшін тартылатын мамандандырылған ұйымдар мен сарапшыларға қойылатын талаптарды белгілеу; процестерді толық автоматтандыру: электрондық есептерге, деректерді автоматты түрде есептеуге және түзету шараларының цифрлық жоспарларына көшу; мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жедел бақылау жүргізу үшін цифрлық мониторинг құралдарын іске қосу сияқты бағыттарды қамтиды.

Бұдан бөлек, бизнестің жауапкершіліктен жалтаруына және мемлекет кепілдік берген төлемдерден айырылатын азаматтардың әлеуметтік қорғаусыз қалуына әкеп соғатын деструктивті фактор бар, ол — жұмыс берушілердің өндірістік жарақаттануды жасыру проблемасы.

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында осындай 2 жасырын факт анықталды (2025 жылы да дәл солай — 2 факт). Министрлік мұндай бұзушылықтардың жолын қатаң кесуге ниетті және жасырын жарақаттану деңгейін тіркелген 14 жазатайым оқиғаға шаққанда 1 анықталған жасырын жағдай арақатынасына дейін төмендету мақсатын қойып отыр.

Кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту — мемлекеттік еңбек инспекторларының өкілеттіктерін күшейту және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру жоспарлануда. Кәсіпорындардағы өндірістік кеңестердің тиімділігі арттады. Құжаттарды қолдан жасауды болдырмау үшін Еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай оқу-әдістемелік орталықты құру, оқыту және емтихан алу рәсімдерін аражігін ажырату, онлайн-прокторинг (білімді тексеру) тетігін енгізу және оқытушы ұйымдар мен сертификаттарды міндетті түрде Бірыңғай цифрлық жүйеде тіркеу көзделіп отыр.

Еңбекті қорғау — бұл, ең алдымен, ел кәсіпорындарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселесі. Ұсынылып отырған шаралар тәуекелдерді ерте анықтауға, алдын алуға және атаулы (адрестік) бақылауға көшуге бағытталған. Департамент Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты өндірістік тәуекелдерді азайтуға және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға басымдық бере отырып жалғастырады.