Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі өзгерістер

2026 жылғы 12 наурыздан бастап жаңа қағидалар күшіне енгізіледі, оған сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлердің еңбек шарттары туралы деректерді Enbek.kz жүйесіне енгізу кезіндегі бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 98-бабына 2026 жылғы 9 қаңтардағы №257-VIII Заңымен тиісті өзгерістер енгізілді. Әкімшілік жауапкершілік жұмыс беруші еңбек шарты туралы мәліметтерді енгізбеген, кешіктіріп енгізген немесе толық емес немесе дұрыс емес деректерді көрсеткен жағдайларда туындайды. Бұл жұмыс беруші «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы порталы арқылы Еңбек шарттарын есепке алудың біріңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізуі тиіс міндетті ақпаратқа қатысты болып отыр.

Ақпараттың толықтығына қойылатын талаптар қатаң реттелген. Жүйеде жұмыскердің ЖСН-і, жұмыс берушінің ЖСН-і немесе БСН-і, сондай-ақ лауазымы, еңбек функциясы және жұмыс орны міндетті түрде көрсетіледі. Сонымен қатар, еңбек шартының мерзімін, жұмыстың басталу күнін, құжаттың өзінің күні мен нөмірін тіркеу қажет. Осы мәліметтердің кез келгенінің болмауы автоматты түрде деректерді толық енгізбеу болып саналады, бұл жазаға әкеп соқтыруы мүмкін.

Жұмыс берушілер мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударуы қажет. Жаңа еңбек шарты туралы ақпаратты ол қол қойылғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде енгізу керек. Егер шартқа өзгерістер енгізілсе, деректерді жаңартуға 15 күнтізбелік күн беріледі, ал қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда ақпаратты 3 жұмыс күні ішінде енгізу қажет. Бұл ретте, жұмыс берушілердің техникалық қателерді түзетуге құқығы сақталады: егер жүйеде қате деректер көрсетілсе, оларды 30 жұмыс күні ішінде түзетуге болады, бірақ осы мерзім өткеннен кейін әкімшілік жауапкершілік туындауы мүмкін.

Айыппұл мөлшері лауазымды тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 айлық есептік көрсеткішті құрайды.