Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабеков жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабеков жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді

2026 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Серікұлы Олжабеков жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді.

Сапар барысында Мәлік Серікұлы SKO-Hub алаңында болып, өңірдің цифрлық жобаларымен, сондай-ақ өңірлік инновациялық Digital Aimaq жобасының жұмысымен танысты. Бүгінде Digital Aimaq аясында цифрлық теңсіздікті азайтуға және экономиканы дамытуға бағытталған 13 аудандық креативті IT-орталық ашылған.

Сонымен қатар, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жүзеге асырып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Цифрлық трансформация және жасанды интеллект орталығының қызметі, сондай-ақ облыс әкімдігімен бірлесіп ашылған Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің жұмысы көрсетілді.

Жұмыс сапары аясында вице-министрдің облыс тұрғындарымен есептік кездесуі өтті. Кездесу цифрландыру, байланыс саласын дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсету және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.

Кездесу барысында цифрлық даму саласында атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Айтылғандай, 2025 жылы Қазақстанда 290 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 90 пайыздан астамы электрондық форматта ұсынылған. Сондай-ақ eGov Mobile сервисі мен e-Otinish платформасын дамыту, жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік, IT саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және жер пайдалану, экология мен инфрақұрылымды бақылау бағыттарында ғарыштық мониторингті қолдану мәселелері қаралды.

Кездесу соңында қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрлық трансформациялау және өңірдің цифрлық экожүйесін дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар таныстырылды.