Ақ бидай - 2022» спорт мерекесі – Талшық ауылында

Ақ бидай - 2022» спорт мерекесі – Талшық ауылында

Шілденің 19-24 күндері ауданымызда «Ақ бидай - 2022» облыстық жазғы спорт мерекесі өтті. Аталған мерекені облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов ашты.

Спорт мейрамының ашылу рәсімінде сөйлеген облыс әкімінің орынбасары бүгінгі күні Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекетіміз спорт пен саламатты өмір салтына аса көңіл бөліп жатқанын ерекше жеткізді. Соның арқасында елімізде Отанның лайықты дамуының игілігіне арналған маңызды міндеттерді абыроймен шешетін денсаулығы мықты әрі қуатты адамның тұлғасы жетістікпен қалыптасуда. Сол себептен республика бойынша түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, рухы мен тәні сау Қазақстанымыздың азаматтары тәрбиеленуде. Соңында барлық қатысушыларға жеңіс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Салтанатты бөлімнен соң эстрада жұлдыздары Жанар Дұғалова (Алматы қаласы), Дәурен Оразбеқов ("Адам" Нұр- Сұлтан қаласы), "Сопрано" тобы (Көкшетау қаласы) және аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымының қатысуымен концерт және спартакиада құрметіне мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Ал атақты жерлесіміз, 2010 жылы Сингапур елінде өткен жастар арасындағы Бірінші Жазғы Олимпиадасының грек-рим күресінен қола жүлдегері, 2013 жылы София қаласында өткен Әлем чемпионатыныңгрек-рим күресінен қола жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Ақан БаймағанбетовОблыстық жазғы спорт мерекесінің Алауын жақты.

«Ақ бидай - 2022» облыстық жазғы спорт мерекесіне облысымыздың бүкіл аудандарының командалары қатысты. Бес күнге созылған жарысқа аудандардың1300-ге жуық спортшысы спорттың 13 түрінен - ату, бокс, дойбы, футбол, шахмат және баскетбол мен волейбол, гір спорты, еркін күрес, жеңіл және ауыр атлетика, ЖПК, стол теннисіненбақ сынасты.

Аудан спортшылары барлық спорт түрлерінен табысты ойнады. Мәселен, стол теннисінен Сабатаев Амангелді, Багманов Серік және Скороход Ольга чемпион атанды. Олар аудан қоржынына барынша ұпай әкеле білді.

25 ұпайдан аудан қорына біздің еркін күрес палуандары мен ауыратлетшілер олжа етті.

Асан Дайыров, Қуаныш Мачкен және Жалғас Боташ сынды палуандар чемпион болса, Павел Бельченко мен Қуандық Мират үшінші орындарды жеңіп алды. Бірден төрт штангішілеріміз спартакиада алтынын ұтып алды. Олар - Сорочинский Евгений, Катаев Владимир, Болатов Мирас жәнеІлиясов Ислам.

Өз салмақ дәрежесінде ақжарлық боксшылар да үздік нәтиже көрсете білді.Дәулет Ерғалиев пен Ерназ Рахметуллин чемпион мәртебесіне лайық болса, Бауыржан Төлеген мен Арлан Құдайберген 20 ұпаймен жалпыкомандалық екінші орын алып, спартакиаданың қола жүлдегері атағына иеленді.

Жалпыкомандалық үшінші орынды біздің жеңілатлетшілер мен волейболдан ерлер командасы ұтып алды.

400 бен 200 метрлер қашықтықта Надежда Юрченко және 1500 мен 400 метрлерде жүгіруде Виктория Сергеева чемпион болса, Александр Кондрат 200 және 400 метрлер қашықтықта үшінші орынды қанағат тұтты. Одан басқа, эстафетада Надежда Юрченко мен Виктория Сергеева, Гапончук Никита мен Александр Кондрат екінші орынды жеңіп алды.

Гирь көтеруден біздің Серікбол Амандық та жеке есеп бойынша бірінші орынды жүлделенді.

Сәл ғана жүлделі орынға футболшылар, баскетбол мен волейболдан әйелдер командалары жете алмай қалды. Сөйтіп оларға төртінші орындар бұйырды.

Сонымен қатар, шахматшылар мен ерлердің баскетбол командасы спартакиаданың турнирлік кестесінде бесінші болса, гирь спорты мен Жазғы Президенттік көпсайыстан алтыншы тұғырға көтерілді.

Ал ауданымыздың мергендері мен дойбышылары сәл төмендеу нәтиже көрсетті. Олар облыстық кестенің 8-ші және 9-шы орындарында шоғыраланды.

Мәресіне жеткен бескүндік абыройлы сайыста бірінші орынды 258,3 ұпай жинаған Қызылжар ауданының спортшылары ұтып алды. Өкінішке қарай, жеңімпаз атануға 0,3 ұпай жетпей, 258 ұпаймен біздің – Ақжар ауданының құрама командасы спартакиаданың екінші тұғырына көтерілді. Ал үшінші жүлдені 241 ұпай арқылы Тимирязев ауданының өкілдеріне бұйырды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан жеңімпаздарға марапаттарды аудан әкімі Қанат Қалиев табыс етті. Спартакиада чемпионына 300 000 теңгенің сертификаты, екінші жүлдегеріне 200 000 теңгенің сертификаты және үшінші жүлде алған ауданға 100 000 теңгенің сертификаты берілді. Сонымен қатар, жеңімпаз бен жүлдегерлерге кубок, медаль және грамоталармен марапатталды.

Соңында аудан басшысы аталған үлкен шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін ұйымдастырушыларға ел тұрғындары атынан алғыс білдірді.