Партиялық жұмысты нығайту қадамы

Партиялық жұмысты нығайту қадамы

7 сәуір күні «AMANAT» партиясының аудандық филиалы ғимаратында филиалдың жаңа атқарушы хатшысын ресми таныстыру рәсімі өтті. Бұл оқиға ауданның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болып, жергілікті билік өкілдерін, депутаттық корпусты және жұртшылықты бір арнаға тоғыстырды.
Жиын аудан әкімі Рустем Мұқашұлы Елубаевтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы М.Р. Жүсіпбеков, облыстық мәслихат депутаты О.С. Искакова, Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.К. Жабин, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Жиынды ашқан Рустем Мұқашұлы «AMANAT» партиясының мемлекеттік бастамаларды жүзеге асырудағы және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайтудағы жүйелі әрі үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында ол депутаттарға аудандық филиалдың атқарушы хатшысы қызметіне тағайындалған Ермек Серікұлы Қайыржановты таныстырды.
Ермек Серікұлы — ауданға жақсы таныс, тәжірибелі басшы. Еңбек жолында ол өзін жауапты әрі білікті маман ретінде көрсетіп, жүктелген міндеттерді тиімді атқара білетіндігін дәлелдеді. Ол ауылдық округтерде түрлі жауапты қызметтер атқарып, бастамашыл әрі принципшіл жетекші ретінде танылды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Отбасын қолдау орталығын басқарып, әлеуметтік саланың дамуына елеулі үлес қосты.
Аудан басшысы Ермек Серікұлының жинақтаған тәжірибесі, кәсіби білімі мен белсенді азаматтық ұстанымы оған жүктелген міндеттерді табысты атқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, жаңа атқарушы хатшының алдында партия беделін арттыру, оның қызметінің тиімділігін күшейту және халықпен өзара байланысты дамыту бағытында маңызды міндеттер тұрғаны атап өтілді.
Жиын барысында Ермек Серікұлына қатысушылар тарапынан да жылы лебіздер мен қолдау сөздері айтылды. Аудандық мәслихат төрағасы М.Р. Жүсіпбеков, облыстық мәслихат депутаты О.С. Искакова, Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.К. Жабин және аудандық мәслихат депутаты С.М. Шүлембаев оның іскерлік қабілетін, жауапкершілігін және аудан игілігі жолында еңбек етуге дайындығын атап өтті.
Кездесу барысында аудан алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуде билік пен қоғамның барлық буындарының күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы ерекше айтылды. Қатысушылар жаңа атқарушы хатшының келуімен «AMANAT» партиясының аудандық филиалы қызметі жаңа серпін алатынына сенім білдірді.
Жиынды қорытындылай келе, Рустем Мұқашұлы Ермек Серікұлына жаңа қызметінде табыс, тың жетістіктер мен нәтижелі еңбек тіледі. Мұндай кадрлық тағайындаулар ауданның тұрақтылығы мен дамуын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Өйткені тек бірлескен, мақсатты еңбек арқылы ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, болашаққа нық қадам жасауға болады.