
28 ақпан күні аудан әкімдігінің үлкен залында аудан әкімінің орынбасары Н.К. Алинның төрағалығымен Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақжар аудандық филиалының ІХ конференциясы өтті.
Конференция жұмысына облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.А. Әбілов, ардагерлер кеңесінің мүшесі Е.Е. Нұрақаев, аудандық мәслихат төрағасы М.Р. Жүсіпбеков, ауылдық округ әкімдері, президиум мүшелері және ауданның ардагерлер белсенділері қатысты.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің және ревизиялық комиссияның атқарған жұмыстары туралы есептік баяндамалар тыңдалды. Негізгі баяндаманы М.К. Жабин жасап, өткізілген іс-шаралар, ардагерлерге көрсетілген әлеуметтік қолдау, жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөнінде жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар Ақжар ауданының құрметті азаматы, бұрын ардагерлер кеңесін басқарған С.Ж. Жұмабаев және ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз сөйледі. Олар кеңестің жұмысына оң баға беріп, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың, ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Кеңес мүшелеріне алдағы уақытта табыс пен нәтижелі еңбек тіледі.
М.Ж. Малғаждаровтың денсаулық жағдайына байланысты қызметінен кетуіне орай, жиында ардагерлер кеңесінің жаңа президиум құрамын бекіту және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Конференция қатысушыларының бірауыздан қабылдаған шешімімен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып М.К. Жабин сайланды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Қайырұлы және облыстан келген қонақтар жаңадан сайланған төрағаны құттықтап, алдағы жұмысына табыс, тың бастамалар мен сәттілік тіледі.
Конференция өзара түсіністік пен сыйластық жағдайында өтті. Ардагерлер ұйымы алдағы уақытта да ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, рухани құндылықтарды дәріптеп, ауданның дамуына өзіндік үлесін қоса бермек.