Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы аудан активінде талқыланды

Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы аудан активінде талқыланды

4 ақпан күні аудан әкімдігінің үлкен залында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы жобасын талқылауға арналған аудан активінің отырысы өтті.
Жиында Конституцияның жаңа жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленіп, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл жоба еліміздің әрбір азаматы үшін аса маңызды екенін айтып, оның Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтынын атап өтті. Ол бір палаталы Парламентке, яғни Республикалық Құрылтайға көшу, сондай-ақ қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа консультативтік орган — «Халық кеңесін» құру сияқты негізгі өзгерістерге тоқталды. Сонымен қатар Конституцияның басты қағидаттары — әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың теңдігі және адам құқықтарының басымдығы ерекше атап өтілді.
Отырыста аудандық мәслихат депутаты С. Рамазан, аудандық аурухананың директоры Ш.Қ. Сәбитова, Қоғамдық кеңестің төрағасы М.К. Жабин, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ә.А. Муратбеков баяндама жасады.
Аудандық мәслихат депутаты Серікгүл Рамазан Конституция жобасының маңыздылығын атап өтіп, оның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі рөліне тоқталды.
Ауданның бас дәрігері Шолпан Қайыргелдіқызы денсаулық сақтау саласында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі нормаларға назар аударды.
Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Канапияұлы ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді Қоғамдық кеңес толық қолдайтынын жеткізді.
Жастар атынан сөз сөйлеген Әлихан Ақылбекұлы жаңа Конституция жобасының жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында жаңа редакциядағы Конституция Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратыны айтылды.
Жиынды қорытындылай келе, аудан басшысы Конституция жобасын жан-жақты талқылау азаматтық сананы қалыптастыруға ықпал етіп, ел бірлігін нығайту мен Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз болатынын атап өтті.