Аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесулері

Аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесулері

Ағымдағы жылдың 30 қаңтары мен 4 ақпаны аралығында аудан әкімі мен халық арасындағы кезекті кездесулер жалғасын тапты. Жұмыс сапарлары барысында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев бірқатар ауылдық елді мекендерге барып, тұрғындармен, қоғам өкілдерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен ашық форматта кездесулер өткізді.
Аудан басшысы Уялы ауылдық округіне қарасты Ақсары және Уялы ауылдарында, Кішіқарой ауылдық округінің Кішіқарой ауылында, Қулықөл ауылдық округінің Қулықөл және Қарашілік ауылдарында, сондай-ақ Ақжарқын ауылдық округінің Ащыкөл және Ақжарқын ауылдарында болды. Әрбір кездесу еркін пікір алмасу жағдайында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Кездесулер барысында аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму қорытындыларына тоқталды. Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы, елді мекендерді абаттандыру және халықты жұмыспен қамту секілді негізгі салалардың жағдайы мен даму перспективалары жан-жақты талқыланды. Бірқатар бағыттар бойынша оң динамика бар екені атап өтілді.
Сонымен қатар 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары таныстырылды. Алдағы кезеңде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту және әлеуметтік нысандарды жаңғырту басты міндеттердің бірі болмақ. Аудан әкімі ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тығыз ынтымақтастығына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Осыған орай, кездесулер аясында аудан әкімі мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері арасында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар ауылдардың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Кездесулерде елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Ауыл тұрғындарына азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпыхалықтық талқылаудың маңыздылығы атап өтілді.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда және елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған. Бір палаталы Парламент құру туралы ұсыныс 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған Жолдау барысында жарияланған болатын.
Кездесу барысында тұрғындар жер пайдалану, абаттандыру, жұмысқа орналастыру және де басқа актуалды мәселелерін көтерді. Барлық сұрақтар назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ аудан әкімі мен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ж.Қ. Рахметов алаяқтық қылмыстардың көбеюіне тоқталып, тұрғындарды телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды. Қауіптің алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесулерді қорытындылай келе Рүстем Мұқашұлы бұндай кездесулердің билік пен халық арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Ашық диалог, өзара сенім мен бірлескен жауапкершілік — ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың берік негізі.