Аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесулері

Аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесулері

26 қаңтар күні аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев ауылдық округтердің тұрғындарымен кезекті кездесулер легін бастады. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Айсары, Алқатерек, Ленинград, Кішіқарой, Кенашы, Үлкенқарой және Восход ауылдық округтерінде болып, Айсары, Алқатерек, Дәуіт, Бостандық, Байтуыс, Кенащы, Горький, Баймырза және Восход ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындармен ашық әрі сындарлы диалог орнату, ауданның өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығару, сондай-ақ алдағы уақыттағы жұмыс басымдықтарын талқылау. Тікелей пікір алмасу форматы ауыл тұрғындарына өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, нақты жауап алуға мүмкіндік берді.
Кездесулер барысында Рүстем Мұқашұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерімен таныстырды. Атап айтқанда, аудан бюджетінің кірісі мен игерілуі, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығының дамуы, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар жер қатынастары, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, электр энергиясының тұрақтылығы, автомобиль жолдарының жай-күйі, көше жарығы мен елді мекендерді абаттандыру мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына да ерекше тоқталды. Бұл сала аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, заманауи технологияларды енгізу, жер ресурстарын тиімді әрі мақсатты пайдалану, шаруашылықтардың өнімділігін арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Жұмыс сапары аясында Айсары ауылында Рүстем Мұқашұлы «Айсары – 2024» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі негізінде құрылған фермерлік шаруашылыққа барды. «1000 басқа дейін асыл тұқымды ұсақ мал өсіру фермасын құру» жобасы шеңберінде кооператив тарапынан 100 бас ұсақ мал сатып алынған. Бұл жоба мал шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта 46 бас ірі қара малын қосымша сатып алу жоспарланып отыр, бұл шаруашылықтың өндірістік әлеуетін кеңейтіп, экономикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Әр округ тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде аудан әкімі барлық жоспарланған жұмыстар бекітілген бағдарламаларға сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ағымдағы жылға арналған негізгі жұмыс бағыттары мен жоспарларымен таныстырып, ауылдық аумақтардағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге басымдық берілетінін жеткізді.
Кездесулерде елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Рүстем Мұқашұлы Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңыздылығын атап өтіп, тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігін еске салды. Аудан әкімі тұрғындарды аула, көше және қоғамдық орындарды көркейту жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырып, оң өзгерістерге тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтты.
Сонымен қатар кездесулер барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі мақсатты пайдалану мәселесі де көтерілді. Аудан басшысы жер ресурстары өз мақсатына сай пайдаланылуы тиіс екенін айтып, пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз қолданылып отырған жер телімдері уәкілетті органдардың қатаң бақылауында болатынын атап өтті.
Ауылдық округтердің тұрғындары өз елді мекендерінің дамуына және күнделікті тұрмысқа қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойды. Олардың қатарында жол жөндеу, ауыз су, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту мәселелері бар. Әрбір көтерілген сұрақ мұқият тыңдалып, бірқатарына сол жерде түсіндірме берілсе, қалғандары жауапты мемлекеттік органдарға жолданып, қосымша пысықтауға алынды.
Кездесулерді қорытындылай келе, Рүстем Мұқашұлы тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы мен орынды ұсыныстар білдіргені үшін алғыс айтты. Ол осы кездесулерді халықпен кері байланыс орнатудың маңызды алаңы екенін атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тұрғындардың нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып жүргізуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Аудан әкімі билік пен халықтың тығыз өзара іс-қимылы арқылы жоспарланған жұмыстар табысты іске асырылып, аудан мен ауылдық округтердің тұрақты дамуы қамтамасыз етілетініне сенім білдірді.