
21 қаңтар күні «BATYR» жабық хоккей кортында 2009 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден «Ақшақар – 2026» аудандық спартакиадасының финалдық кезеңі өтті.
Жарысқа аудан мектептерінен барлығы 7 команда қатысты: Талшық, Бестерек, Ақжарқын, Жаңаауыл, Қазан, Горький және Қызылту орта мектептерінің командалары.
Ойындар тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Мұз айдынында қарқынды шабуыл, табандылық пен нағыз спорттық мінез көрініс тапты. Жас хоккейшілер өздерінің шеберлігін, жеңіске деген жігерін және командалық рухын айқын көрсете білді. Ал жанкүйерлер командаларын қолдап, ойынға ерекше әсер мен толқу сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
III орын — Жаңаауыл орта мектебі
II орын — Ақжар орта мектебі
I орын — Талшық орта мектебі
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елүбаев қатысып, жарысқа қатысқан барлық спортшыларды құттықтады. Ол өз сөзінде спорттың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтіп, жас спортшыларға алдағы уақытта толағай табыс пен сәттілік тіледі.
Жарыс жүлдегерлеріне грамоталар мен кубоктар табысталды, ал чемпион атанған Талшық орта мектебінің командасы 1 800 000 теңге көлеміндегі хоккей формасының жиынтығына арналған сыйлық сертификатына ие болды.
Бұл финал аудандық спорт өміріндегі жарқын оқиғаға айналып, жас спортшылар мен жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.