
19 қаңтар күні әкімдіктің үлкен залында Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы әкімдігінің құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев төрағалық етті. Комиссия жұмысына аудан прокуроры Т.К. Төлегенов, сондай-ақ жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыс барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Аудандық полиция бөлімінің басшысы Ж.Қ. Рахметов ұрлық, тонау және алаяқтықтың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ білім беру ұйымдарында буллинг пен бопсалаудың алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Өз сөзінде ол құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерінде кешенді тәсіл мен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Алкогольді шамадан тыс тұтынатын және нашақорлыққа шалдыққан адамдарды емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы аудандық аурухананың директоры Ш.Қ. Сабитова хабарлады. Уақтылы медициналық көмек көрсету мен оңалту құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды құрамдас бөлік екені атап өтілді.
Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және қабылданып жатқан алдын алу шаралары жөнінде білім бөлімінің басшысы Е.Р. Шапиев сөз сөйледі. Баяндамада білім беру ұйымдарында ашықтықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар айтылды.
Аудан деңгейінде сыбайлас жемқорлықты анықтау және оның алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі туралы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Ғ. Бекбулатова баяндады. Ол қоғамдық бақылаудың, ақпараттық ашықтықтың және азаматтық қоғамның белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімі профилактикалық жұмысты одан әрі күшейту, басшылардың жауапкершілігін арттыру және барлық мүдделі органдардың үйлесімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері ғана құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және ауданда сенім, қауіпсіздік пен әділеттілік ахуалын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.