Торжественное вручение аттестатов выпускникам Бестерекской средней школы

Торжественное вручение аттестатов выпускникам Бестерекской средней школы

18 маусым күні Бестерек орта мектебінде ең толғандырарлық әрі жүрек тебірентер сәттердің бірі — мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру салтанаты өтті. Бұл күн тек түлектердің ғана емес, олардың ата-аналарының, ұстаздарының, ауыл тұрғындары мен құрметті қонақтардың есінде мәңгі сақталатын ерекше сәтке айналды.
Мектеп ауласына жиналған жұрттың ыстық ықыласы мен қошеметімен 2025 жылғы түлектер салтанатты түрде ортаға шықты. Оларды жылы лебіздер мен шынайы тілектермен қарсы алды. Шара Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен ашылды.
Құттықтау сөз сөйлеген Ақжар ауданының әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев мектеп бітіруші жастарды өмірлеріндегі маңызды кезеңнің аяқталуымен құттықтады. Ол ұстаздардың жанкешті еңбегін, ата-аналардың балалар тәрбиесіне қосқан зор үлесін атап өтіп, алғыс білдірді. Сонымен қатар, түлектерге жаңа өмір жолында сәттілік пен ақ жол тіледі.
Аудандық білім бөлімі басшысының м.а. Шапиев Еркін Рамазанұлыда жүрекжарды тілегін білдіріп, бүгінгі күн әрбір түлек үшін үлкен болашақтың бастауы екенін айтты. Мектеп директоры Қожасов Азамат Қайырбекұлы түлектерге ақжолтай тілегін арнап, олардың өмір жолында лайықты азамат болып өсетініне сенім білдірді.
Шараның басты бөлігі — аттестат табыстау сәті болды. Бұл толқулы әрі қуанышты мезет қуаныш, мақтаныш пен өмір жолының жаңа белесін айқындайтын әсерлі сәтке айналды.
Мереке мектеппен қоштасу әндерімен жалғасты. Дәстүрге сай түлектер мектеп вальсін билеп, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.
Салтанатты шара жылы әрі шынайы көңіл күймен өтті. Бұл күн барлық қатысушылар мен қонақтар үшін жарқын әрі ұмытылмас сәтке айналды.