Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара

Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара

23 маусым күні аудандық Мәдениет үйінде Мемлекеттік қызметшілер күні мен Полиция қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Бұл – ел тыныштығы мен мемлекеттің жүйелі дамуы жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілетін маңызды күн.
Іс-шара барысында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Ел мүддесінде жүрген мемлекеттік қызметкерлер мен ел айбыны әрі қорғаны болған полиция қызметшілерін шын жүректен кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Олар – биліктің бейнесі, мемлекетіміздің тірегі. Халықтың билікке деген сенімі дәл осы сала мамандарынан бастау алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру қажет», – деп атап өткен болатын. Бұл – кәсіби білікті, бастамашыл және озық ойлы кадрларға деген сұраныстың артқанын білдіреді, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар Рүстем Мұқашұлы ішкі істер органдарының қоғамдағы бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтаудағы маңызын ерекше атап өтті.
– Сіздердің күнделікті табанды еңбектеріңіздің арқасында елде тыныштық пен тәртіп сақталып отыр. Халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі – ең басты байлығымыз, – деді ол.
Салтанатты бөлім аясында бірқатар сала үздіктері марапатталды. Атап айтқанда, адал еңбегі мен мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаты Ақжар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж.Ж. Еслямбековке және Ақжарқын ауылдық округінің әкімі А.А. Тоқушевке табысталды Сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хаттарымен түрлі мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталды.
Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастыруымен жалғасқан әсем концерттік бағдарламамен әрленді. Көрермендер назарына әуезді әндер мен күмбірлеген күйлер ұсынылып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл күн – мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген жандарға білдірілген шынайы құрметтің көрінісі болды.
Мемлекетіміз аман, халқымыз тыныш, қызметтеріңіз табысты болсын!