Рәміздердің рухы: Мемлекеттік рәміздер күніне арналған акция өтті

Рәміздердің рухы: Мемлекеттік рәміздер күніне арналған акция өтті

4 маусым күні Мемлекеттік рәміздер стелласы алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық акция аудан тұрғындарын Ту, Елтаңба және Әнұран сынды тәуелсіздігіміздің қасиетті белгілеріне құрмет көрсетуге біріктірді.
Шара басталған сәттен бастап алаңда патриоттық әндер шырқалып, көкте Мемлекеттік Ту желбіреді. Мемлекеттік қызметшілер ұстаған тулармен безендірілген салтанатты шеру алаңға өтіп, Ресми ашылу рәсімі Мемлекеттік Әнұранның жанды дауыста орындалуымен басталды.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев ұлттық рәміздердің ел тарихының және рухани болмысының ажырамас бөлігі екенін, және олардың арқасында еліміздің бүкіл әлемге танымал болғанын ерекше атап өтті. Өз сөзінде ол: «Мемлекеттік рәміздерге құрмет – бұл азаматтық кемелділіктің және шынайы патриотизмнің көрінісі. Баршаңызға зор денсаулық, амандық пен тыныштық тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанымыз гүлдене берсін, көк байрағымыз мәңгі биікте желбіресін!» – деп елге ізгі тілегін білдірді.
Шараның маңызды сәттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі болды. Бұл салтанатты әрі жауапты рәсім – мемлекетке, халыққа деген адалдықтың, қызметке деген беріктіктің айқын белгісі. Ант сөздері нық, сенімді айтылып, жиналған көпшіліктің қолдауына ие болды.
Аудан басшысы ант берген қызметшілерді жеке құттықтап, олардың алдағы қызметіне табыс, мықты денсаулық және таңдаған жолына адал болуын тіледі. Оның жүрекжарды тілектері мемлекеттік қызметтің маңыздылығын айқындап, қатысушыларға үлкен жігер берді.
Іс-шара Отанға, тәуелсіздікке және ұлттық бірлікке арналған рухты өлеңдер мен музыкалық нөмірлермен жалғасын тапты. Әрбір өнерпаз өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ұлттық рәміздерге деген мақтаныш сезімін жеткізе білді.
Мемлекеттік рәміздер — жай ғана белгілер емес. Олар – ұлттың болмысы, елдің өткені мен бүгіні, рухани қуаты мен жарқын болашаққа деген ұмтылысы. Елімізде әр күніміз бейбіт, әрбір жүректе рәміздерге деген құрмет мәңгілік болсын!