9 маусым күні аудан әкімдігінің үлкен залында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаевтың төрағалығымен актив өтті. Актив жұмысына ауданның прокуроры Төлегенов Т.К., аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Рахметов Ж.К., сондай-ақ жергілікті және аумақтық органдардың басшылары қатысты.
Жиын барысында әлеуметтік мәселелер жөніндегі Ақжар ауданы әкімінің жаңа тағайындалған орынбасары – Алин Нұрбол Қайырұлы ресми түрде аудан активіне таныстырылды. Рүстем Мұқашұлы өз сөзінде бұл лауазымның маңыздылығын атап өтіп, жаңа орынбасарға артылған үлкен жауапкершілік пен алдағы міндеттер туралы жеткізді. Сонымен қатар, Нұрбол Қайырұлына жаңа қызметінде сәттілік тілеп, сенім білдірді.
Нұрбол Қайырұлы бұл қызметке дейін Алқатерек ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған. Ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ол аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталған болатын.
Сонымен қатар Ұялы ауылдық округінің әкімінің қызметін атқарған Карбаев Ғаділжан Шәйкенұлы да марапатталды. Ол әкімдік қызметіндегі көпжылдық еңбегі және аудан дамуына сіңірген елеулі үлесі үшін алғысқа ие болды. Аудан әкімі оған денсаулық, отбасылық амандық тілеп, өңірдің өркендеуіне қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Актив соңында қатысушылар ауданды одан әрі дамытуға бағытталған өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылады.