Смағұл Садуақасұлының 125 жылдығына арналған тағылымды шара

Смағұл Садуақасұлының 125 жылдығына арналған тағылымды шара

30 мамыр күні Петропавл қаласында Алаш ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлының 125 жылдық мерейтойына арналған мазмұнды іс-шаралар өтті. Бұл тағылымды жиын С.Садуақасұлының ұлт тарихындағы рөлін дәріптеп, жас ұрпаққа оның өнегелі өмірі мен идеяларын кеңінен танытуға арналды.
Шара аясында Смағұл Садуақасұлы атындағы №2 мектеп ауласындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалды.
Мерейтойға арналған басты жиын – республикалық ғылыми-практикалық конференция «Смағұл Садуақасұлының қайраткерлік тұлғасы және жастарды отаншылдыққа баулу» тақырыбында өтті. Оған ел көлемінен зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар мен өнер иелері қатысты.
Конференцияда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, Смағұл Садуақасұлының тарихи тұлғасы мен оның ұлттық жаңғыру жолындағы еңбегіне терең баға берді.
Сондай-ақ жиында ҚР ҰҒА академигі Диқан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, профессор Зарқын Тайшыбай, ақын Баянғали Әлімжанов, ғалымдар Аманжол Күзембаев, Гүлнар Мұқанова, Қайрат Айтұғанов, Болат Қабдушев және Сәуле Мәлікова секілді елге белгілі азаматтар баяндама жасап, қайраткердің қоғамдық, саяси, ағартушылық, экономикалық көзқарастары мен ел болашағына қатысты терең ойларын саралады.
Аталмыш іс-шараға біздің ауданнан арнайы делегация қатысып, делегацияны аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев бастап барды. Делегация мүшелері конференцияға қатысып қана қоймай, ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға да белсенді атсалысты.
Жиын соңында қатысушылар Петропавл қаласының мәдени ошақтарымен танысып, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында қойылған «Смағұл… Шыңы!» атты көркем спектакльді тамашалады.
Ұлты үшін ұлы істерге ұмтылған Смағұл Садуақасұлына арналған бұл тағылымды шара елдік сананы жаңғыртқан, ұрпаққа үлгі боларлық мәнді мерейтой ретінде ел жадында ұзақ сақталары анық.