
23 мамыр күні №1 Ленинград орта мектебінде соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтті. Бұл маңызды іс-шара мектеп бітірушілер үшін оқу жылының аяқталғанын білдіріп, бүкіл мектеп қауымдастығы үшін ерекше мерекеге айналды.
Салтанатты шараға мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Іс-шараға аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Ғ: Сәдуов ресми сапармен келіп, қатысушыларды құттықтады.
Жиынды мектеп директоры Ережепова Сайран Қадырханқызы ашты. Ол өз сөзінде оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жыл қорытындыларын шығарып, үздік оқушыларды марапаттап, түлектерге жүрекжарды тілегін білдірді.
Аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев арнайы құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітірушілерге жаңа өмір жолында табыс тілеп, ұстаздарға олардың қажырлы еңбегі мен шыдамдылығы үшін, ал ата-аналарға — балаларына және ұстаздарға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Ол түлектерге мақсаттарына жету жолында табандылық пен сенімділік, алған білімдері мен дағдыларын тиімді пайдалануды тіледі.
Сондай-ақ, әкім мектепте алдағы уақытта жүргізілетін ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары туралы айтты. Жалпы сомасы 274 млн теңгені құрайтын күрделі жөндеу жобасы аясында мектептің шатыры ауыстырылып, фасады жаңартылып, реновация бағдарламасы бойынша оқу кабинеттері заманауи жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етілетін болады. Биылдың өзінде 150 млн теңге игеру жоспарланған. Жоба екі жылға есептелген.
Мектеп түлектеріне алғаш білім берген ұстазы — Сайкина Елена Леонидовна да сөз алып, жылы лебізін білдірді.
Шара барысында бірінші сынып оқушылары түлектерге арнап арнау өлеңдерін оқып, көрермендердің көңілін толқытты. Музыкалық нөмірлер кештің сәнін кіргізіп, салтанатты көңіл-күй сыйлады.
Соңғы қоңырау — балалық шақпен қоштасудың және жаңа өмір белесіне қадам басудың белгісі. Әр түлек өз жолын тауып, асқақ армандарына жетсін.