Еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтау
8 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев, Ленинград ауылдық округінің әкімі А.Х. Маймаков және қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Р.Б. Байсалдин мен бірге арнайы іссапармен еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін аралап, ел тарихындағы баға жетпес еңбегі, соғыстан кейінгі қалпына келтіру мен даму жолындағы үлесі үшін терең алғыстарын білдірді.
Құрметті ардагерлерге шын жүректен шыққан жылы лебізді тілектер айтылды. Олардың әрқайсысы — ерлік пен еңбекқорлықтың, өмірлік төзімділіктің үлгісі. Құрмет пен алғыс белгісі ретінде аудан басшысы ардагерлерге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық медальді табыстады. Бұл — ұрпақтар сабақтастығы мен құрметтің,символы.
Құттықталғандар қатарында ауданның елді мекендерінің қадірлі тұрғындары:
Бушовский Николай Яковлевич — Қызылту ауылы
Козлова Евгения Ивановна, Богачук Галина Григорьевна және Шарипов Ғаббас — Ленинград ауылы
Хаирнасова Фаузия Хамелқызы — Даут ауылы
Рүстем Мұқашұлы атап өткендей, дәл осы жандардың арқасында соғыстан кейінгі қиын кезеңдердегі жағдай қалпына келтірілііп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін берік негіз қаланды. Олардың еңбегі — қазіргі қоғамның мызғымас іргетасы, олардың тәрбиесі — елге адал қызмет ететін абыройлы, еңбекқор ұрпақ өсірді.
Кездесулер соңында ақжарма тілектер айтылып, зор денсаулық, жан жылуы, жақын жандардың қолдауы мен ұзақ өмір тіленді. Тыныштық пен келісімде бақуатты өмір сүру — әр ардагерге лайықты тілек.
Мұндай жандардың ерлігі мен еңбегі — мәңгі жадымызда. Олардың өмір жолы — ерлік сабағы, шабыт көзі және болашақ ұрпақ үшін адамгершілік үлгі. Бұл кездесулер жай ғана марапат табыстау рәсімі емес, Жеңістің қандай бағамен келгенін еске салатын тірі естелік болды. Қаһармандардың жарқын бейнесін, тірі ардагерлерге деген құрметті сақтау — бәріміздің қасиетті борышымыз. Жадымызда болса — ерлік те мәңгі тірі.