9 мамыр күні Жеңіс саябағы алаңында адамзат тарихындағы ең маңызды күндердің бірі — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара орталық стадионнан Жеңіс саябағына дейінгі мерекелік шеруімен басталды. Шеруге ауданның ұйымдарының басшылары, еңбек ұжымдары мен тұрғындар қатысты. Шеруді аудан әкімі Рүстем Мұқашұлы Елубаев бастап жүрді.
Белгісіз сарбаз ескерткішінің алдында Ұлы Отан соғысының майданында қаза тапқан ерлерге тағзым ретінде гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты сөзінде аудан әкімі барша жұртты Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында айтқан сөздерін еске салды:
«Біздің киелі борышымыз – майдангерлердің рухына тағзым ету, ардагерлерге қамқор болу. Біз бейбіт аспан үшін соғыс ардагерлеріне шексіз ризамыз. Олардың даңқты ерлігі – ұрпаққа үлгі. Ардагерлер батырлықтың, төзімділіктің, жанқиярлықтың және қайсарлықтың мәңгілік үлгісі болып қала береді».
Жиналғандар бір минут үнсіздікпен қаза тапқан қаһармандардың рухына құрмет көрсетті. Өз сөзін аяқтай келе, Рүстем Мұқашұлы ата-бабаларымыздың ерлігі мәңгі жүрегімізде сақталатынын атап өтіп, баршаға амандық, жақсылық пен бейбіт өмір тіледі.
Келесі кезекте ауданымыздың құрметті азаматы, ел ақсақалы Жұмабаев Серғазы жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Мерекелік көңіл-күйді Мәдениет үйінің қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдар соғыс жылдарындағы әндерді орындап, көтере түсті. Шараның шарықтау шегі — Ақжар ауданының мәдениет және спорт ардагері Әмрин Қабдуләшімнің орындауындағы аңызға айналған «Жеңіс күні» әні болды.
Мереке орталық стадионда жалғасын тапты. Мұнда жазғы футбол маусымының ашылуы және «Ақбидай – 2025» жазғы спартакиадасы аясындағы аймақтық футбол ойындарының басталуы өтті. Мерекенің ерекше бір бөлігі — аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен дала асханасы болды. Мұнда кез келген адам сарбаз ботқасынан дәм тата алды. Аудан әкімі тұрғындармен бірге әзірленген тағамның сапасын бағалап, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бұл күн — ұрпақтар сабақтастығының, алғыс пен қаһармандарымызға деген мақтаныштың символына айналды. Салтанатты атмосфера, жүректен шыққан лебіздер, соғыс жылдарындағы әуендер мен сарбаз ботқасының дәмі — мұның бәрі аудан тұрғындарының жадында ұзақ сақталады. Жеңіс туралы естелік — біздің күшіміз, ал тарихқа деген құрмет пен бірлік — жарқын болашақтың кепілі.