Тыл ардагерлері – біздің мақтанышымыз бен тірі тарихымыз

Тыл ардагерлері – біздің мақтанышымыз бен тірі тарихымыз
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Аққайың ауданының әкімі Жанар Поселкеқызы Құсайын тылдың құрметті ардагерлері – Бибіжамал Оразымбетова мен Раиса Максимовна Родионоваға арнайы барып, оларды мерейтоймен құттықтап, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі мен соғыстан кейінгі елді қалпына келтірудегі жанқиярлық істері үшін «Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы» мерейтойлық медалін табыс етті.
1935 жылы туған Бибіжамал апа бала кезінен соғыс уақытындағы барлық қиындықты бастан өткерген. Соғыс жылдарында-ақ колхоздағы үлкендерге көмектесіп, Жеңіске өз үлесін қосты. Өмірінің елеулі бөлігінде үлкен отбасының тірегіне айналып, 10 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір оның айналасы – немере-шөберелері мен шөпшектері. Оның өмірі – нағыз аналық ерлік пен рухтың, махаббаттың жарқын үлгісі.
1936 жылы Борки ауылында дүниеге келген Раиса Максимовна бүкіл өмірін адал еңбекке арнады. Смирново ауылына қоныс аударған соң, желім зауытында жоғары разрядты аппаратшы болып ұзақ жылдар жұмыс істеді. «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағын иеленіп, еңбегі үшін бірнеше рет алғыс хаттармен және сыйақылармен марапатталған. Бүгінде ұлының отбасымен бірге тұрып, гүл өсірумен айналысып келеді.
Аудан әкімі олардың мызғымас ерік-жігеріне, мейірімділігіне және ел тарихына қосқан баға жетпес үлесіне алғыс білдірді. Бұл кездесулер – қарапайым адамдардың ұлы ерлігі туралы жас ұрпаққа естелік пен тағылым.
Тыл ардагерлеріне даңқ! Сіздерді ұзақ жылдар бойы мықты денсаулық пен жақындарыңыздың қамқорлығы әрдайым серік етсін!