16 мамырында жоспарлы іссапарлар аясында Аққайың ауданының әкімі Жанар Құсайын шағын ауылдар – Безлесное, Южное және Барыколь елді мекендерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында ауыл тұрғындары бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Негізгі назар жолдардың жай-күйіне, электр желілерінің тозуы мен үзілуіне, ұялы байланыс мәселесіне, сондай-ақ «Қазпоштаның» жұмысына аударылды. Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе бойынша жан-жақты түсініктеме берді. Барлық сұрақтар тіркеліп, бейінді қызметтермен бірлесіп қарастыру үшін бақылауға алынды. Кездесу барысында Қызылжар ауданының Тепличное ауылында өткен су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысқан тұрғындарға алғыс хаттар табыс етілді. Олар Қызылжар ауданы әкімі мен Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы ашық диалогтың маңызды тетігі болып табылады және ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.