Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 28 наурызда
№270 қаулысымен
бекітілген___
Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын
дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы
|
Атауы |
Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы |
|
Әзірлеу үшін негіздер
|
1. «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 2. «Мемлекет басшысының 2020 жылғы 3. «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 4. «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысы 6. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 7. Мемлекет басшысының 2022 жылғы |
|
Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі |
|
Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар |
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыс әкімдіктері |
|
Іске асыру мерзімдері |
2023 – 2027 жылдар |
Соңғы 10 жылда ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі саясат даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендерді басым қолдау есебінен ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды.
Осы кезеңде Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасының бірнеше кезеңдері, сондай-ақ басқа да салалық бағдарламалық құжаттар іске асырылды.
Олардлың негізгі бағыттарына аудан орталықтарын, ауылдық округтер орталықтарын және тірек ауылдық елді мекендерді дамыту, даму әлеуеті жоғары және орташа басқа ауылдық елді мекендерді санаттарға бөлу және дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау, ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру, шекара маңындағы ауылдық аумақтарды дамыту кірді.
2020-2022 жылдары шараларды іске асыру нәтижесінде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 90,1%-дан 94,5%-ға дейін ұлғайды, 116 мектепке дейінгі мекеме, 224 жалпы білім беру мектебі, 47 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілді.
2022 жылғы ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді, оның негізгі тәсілдері базалық көрсетілген қызметтер мен игіліктер (сумен жабдықтау, орта білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік) бойынша өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту және өңіраралық аумақтық байланысты (энергетикалық, көліктік және цифрлық байланыс) қамтамасыз ету болып табылады.
Бұдан басқа, аумақтық даму жоспарында өңірлерді экономикалық және географиялық сипаттамалары бойынша жіктеу жүргізілді, соның негізінде әрбір өңірдің экономикалық мамандануы мен даму перспективалары келтірілген.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ауылдық жерлерде бірқатар жүйелі (оның ішінде инфрақұрылымдық) проблемалар әлі шешілген жоқ. Ауыл халқының өмір сүру сапасы қалалықтардан едәуір артта қалып отыр, базалық игіліктер мен қызметтерге қол жеткізудегі алшақтықтар қысқармайды. Елдің шығыс, солтүстік және орталық облыстарынан халықтың көші-қон ағыны сақталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерін, институционалдық қамтамасыз етуді дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленді.
Тұжырымдама орта мерзімді перспективада ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту пайымын, сондай-ақ жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысты негізгі қағидаттар мен тәсілдерді айқындайды.
Бұл құжатта ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған барлық шаралар мен міндеттер жүйеленіп, жалпыланған.
Тұжырымдамада қолданылатын ұғымдар:
1) ауылдық аумақтар – ауылдық елді мекендер мен іргелес жерлердің жиынтығы;
2) ауылдық жер – ауылдық елді мекендердің жиынтығы
3) тірек ауылдық елді мекен – абаттандырылған ауылдық елді мекен, мұнда сол жерде тұратын халықты және қосылып ауылдық кластер құрайтын іргелес (серіктес) ауылдық елді мекендердің тұрғындарын мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен және әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жасалады;
4) ауылдық кластер – тірек ауылдан және оны қоршап тұрған серіктес ауылдардан тұратын ауылдық елді мекендер жиынтығы. Бұл ретте халық тығыздығы жоғары өңірлерде олардың арасындағы қашықтық 10 км аспайды (Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары), ал қалған облыстарда – 15 км аспайды;
5) шекара маңындағы аумақтар – Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан әкімшілік-аумақтық құрылымдардың және елді мекендердің аумақтары;
6) ауылдық аумақтарды орнықты дамыту – ұзақ мерзімді кезеңге арналған және болашақ ұрпаққа залал келтірмей экономикалық, экологиялық және әлеуметтік міндеттерді үйлесімді әрі саралап шешуге негізделген ауылдық аумақтарды теңгерімді дамыту;
7) базалық көрсетілетін қызметтер – өңірлік стандарттар жүйесінде көзделген халық үшін өмірлік маңызы бар көрсетілген қызметтердің (игіліктердің) негізгі кешені;
8) өңірлік стандарттар жүйесі – елді мекендердің типіне (қала, ауыл) және көлеміне (халық санына) байланысты объектілер мен көрсетілетін қызметтердің (игіліктердің) халыққа қолжетімділігінің ең төмен міндетті деңгейін қамтамасыз ету.
2.1. Ауылдық аумақтардың жалпы сипаттамасы
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі – ҰСБ) деректеріне сәйкес 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 6 295 ауылдық елді мекен (бұдан әрі – АЕМ) бар, онда ел халықының 38,2% - ы немесе 7,5 млн адам тұрады.
2011 жылдан бастап ауыл халқының саны айтарлықтай өзгерген жоқ.
Ауыл халқы санының ұлғаюын қамтамасыз ететін туу деңгейінің жоғары болуына қарамастан, ауылдық аумақтардан көші-қон ағынының өсу үрдісі сақталуда. Мәселен, 2022 жылғы 12 айының қорытындысы бойынша көші-қонның теріс сальдосы 67 мың адамды құрады (2020 жылы – 81,3 мың адам, 2021 жылы – 77,3 мың адам).
Ауыл халқының ең көп кетуі Абай, Жетісу, Түркістан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазахстан, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.
Соңғы 3 жылда АЕМ санының тұрақты төмендеуі байқалады.
Осы кезеңде АЕМ саны 21 бірлікке қысқарды.
Таратылған ауылдардың ең көп саны Батыс Қазақстан (10), Түркістан (8), Қостанай (3) облыстарына тиіесілі.
6,3 мың АЕМ-нің жартысынан көбінде (3,3 мың) халық саны 500 адамнан аспайды, бұл ел халқының 8%-ын ғана құрайды. Тұрғындарының саны
5 мыңнан астам АЕМ-дер небәрі 4,6% құрайды, бірақ онда ауыл тұрғындарының 40%-дан астамы тұрады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда 1 109 елді мекеннің бас жоспары жоқ және 945 елді мекен бойынша бас жоспарын жаңарту қажет.
Бұл ретте 17 ауыл бойынша елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңнамаға сәйкес ауыл мәртебесіне сәйкестік туралы мәселе тұр (мысалы, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылы – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылы – 47 мың адам және тағы басқа ауылдар).
2.2. Ауылдық аумақтарды экономикалық дамыту, ауыл халқының жұмыспен қамтылуы және табыстары
Тәуелсіздік жылдарындағы ауыл экономикасының дамуы меншік нысандарын трансформациялауға және өмірдің барлық салаларының қызметін нарықтық қағидаттарға ауыстыруға байланысты құрылымдық дағдарысты бастан өткерді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2020 жылдан бастап елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 5,4-5,2% деңгейінде тұрақтады.
1 миллионға жуық адам үшін ауыл шаруашылығы еңбек етудің негізгі түрі болып табылады (отбасылық коэффициентін ескере отырып – 3-4 млн адам үшін). Сонымен қатар экономиканың бұл секторының өнімділігі төмен болып қалуда.
Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандар үлесінің қысқаруы байқалады. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бастап-2022 жылды қоса алғанда ауылдық жерлерде жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 28,5%-дан 25,7%-ға дейін немесе 106,3 мың адамға азайды.
2020-2022 жылдары ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 1,5 есе ұлғайды – 573,2 млрд теңгеден 853,5 млрд теңгеге дейін. Бұл ретте ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі осы кезеңде 1,5 есе өсті – 5,9 трлн теңгеден 8,7 трлн теңгеге дейін.
2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен (бұдан ары – АӨК) өнімінің экспорты 5,6 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде АӨК өңделген өнімінің экспорты – 2,3 млрд АҚШ доллары. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде өсуде (2020 жылы – 3,4 млрд доллар, 2021 жылы – 3,8 млрд доллар).
2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ауылдық жерде жұмыс істейтін заңды тұлғалардың саны – 55 173 бірлікті құрады.
Бағдарламалық құжаттар шеңберінде ауылдық жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шаралар іске асырылуда. Ауыл кәсіпкерлері үшін несиелер жылдық мөлшерлеме 6%-ды құрайды, кредиттеу мерзімі – инвестицияларға 5 жыл, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылды құрайды. Несиелеудің ең жоғары сомасы – бір кәсіпкер үшін 1,5 млрд теңгеге дейін.
Кәсіпкерге жүктемені азайту мақсатында несиеге кепілдік беру тетігі қолданылады. Осылайша, мемлекет несиелер бойынша кепілмен қамтамасыз етудің 85%-на дейін жабады.
Сондай-ақ, 2022 жылдың ақпан айынан бастап инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін кредит сомасына 5% мөлшерлеме бойынша ауыл кәсіпкерлеріне микрокредит берудің жаңа тетігі енгізілді.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы негізгі проблемалар кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты кредиттік ресурстардың қолжетімсіздігі болып табылады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы орташа айлық жалақы
(2022 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша – 219,9 мың теңге) соңғы үш жыл ішінде экономика бойынша орта есеппен 1,4 есе төмен болды, бұл ауыл мен қала арасындағы халық табысының деңгейі бойынша айтарлықтай алшақтықты көрсетеді.
Сонымен бірге 2022 жылы ауыл шаруашылығындағы медиандық жалақы мөлшері 135,6 мың теңгені құрады.
Ауылдық жерлерде аз қамтылған отбасылардың үлесі қалалық көрсеткіштен 1,6 есе артық (қалалық жерлерде 4,0%).
Бұл ретте 2020-2022 жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 6,6%-да сақталуда.
Әрбір үшінші ауыл тұрғыны (1,2 миллионнан астам адам) өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бұл олардың ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігінің жоқтығын көрсетеді (жалдамалы жұмыспен қамту).
Бұл жағдайдан шығу жолы (әсіресе 10 мыңнан астам халқы бар ірі ауылдар үшін) ауыл экономикасын жан-жақты әртараптандыру, жұмыспен қамтудың баламалы нысандарын, оның ішінде қолөнерді, ауылдық туризмді, құрылыс пен жер қойнауын пайдалануды (аралас секторларды қоса алғанда), логистика мен өнеркәсіпті қолдау болып табылады.
Орта және шағын ауылдар үшін нарықтар арқылы өнімді өткізу үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдау, жер, материалдық, қаржы және ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді жеңілдету, сондай-ақ ауыл халқының экономикалық өсу орталықтарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін байланыстырушы инфрақұрылымды дамыту қажет.
2.3. Ауыл халқының өмір сүру сапасы
Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауылдық елді мекендердің объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілу деңгейі 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде 9,3 п.т. ұлғайды және 64,1%-құрады.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың елді мекендеінің бас жоспармен қамтылуы 75%-ды (6 411 елді мекеннің 4 808-і) құрайды, оның ішінен 59%-ы (6 411 елді мекеннің 3 798-і) жаңартылған бас жоспармен қамтамасыз етілген.
Тұрғын үй, газ, электр, сумен жабдықтау
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2020 жылдан бастап 2022 жылды қоса алғанда ауылдық тұрғын үй қоры 5,0%-ға өсіп, 141,2 млн шаршы метрді (елдің тұрғын үй қорының 34,8%-ы) құрады.
Осы кезеңде 1 тұрғынға есептегенде тұрғын үймен қамтамасыз етілу
19,3-дан 19,8 шаршы метрге дейін өсті, бұл қалаларға (25,8 шаршы метр) қарағанда төмен.
Жалпы, ауылдық тұрғын үй қорын абаттандыру жақсарып келеді, бірақ әлі де қалалық тұрғын үй қорынан артта қалып отыр. Ауылдық аумақтарды газдандыру жалғасуда.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша ауылдық елді мекендерді газдандыру деңгейі 2020-2022 жылдары 12,1%-ға өсіп, 27,1%-ды (1,7 мың АЕМ) құрады.
2022 жылы барлық ауылдық елді мекендер бойынша электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету деңгейі 99,1%-ды құрады. 4 облыста 33 АЕМ электрмен жабдықталмаған (Абай облысында – 3 АЕМ, Атырау облысында – 4, Қызылорда облысында – 8, Түркістан облысында – 18).
Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайы әлі де өткір болып отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша ауылдық жерлерде сумен жабдықтаудың көрсетілген қызметтеріне қол жеткізген барлық ауыл саны - 4 900. Қалған 1 395 ауылдың 432-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысын жүргізу қажет.
Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында 963 АЕМ-ге жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың кешенді блок-модульдерін және су тарату пункттерін орнату талап етіледі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша кәрізбен – 45% (қалалар бойынша – 90%), жуынатын бөлмемен немесе душпен – 9,0% (қалалар бойынша – 63%), ыстық сумен – 2,0% қамтамасыз етілу төмен деңгейде қалып отыр.
Білім
Оқу ағарту министрлігінің мәліметі бойынша тәуелсіздік жылдары еліміз бойынша мектептер желісі негізінен шалғайдағы шағын ауылдардағы шағын жинақталған мектептерде білім алушылардың қысқаруы есебінен 1,4 мың бірлікке (9-дан 7,6 мың бірлікке дейін) қысқарды.
Еліміздің мектептерінде барлығы 3,7 млн бала, оның ішінде ауылдық жерлерде – 1,5 млн оқушы оқиды.
Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде барлығы 5 157, оның ішінде шағын жинақты 2 753 (орта 1 449, негізгі 793 және бастауыш шағын жинақталған мектептер) мектеп жұмыс істейді.
Көріп отырғанымыздай, ауылдық жерлердегі мектептер саны көп
(5,1 мың бірлік) болғанымен, оларда оқитын оқушылар саны қалалық мектептерге қарағанда әлдеқайда аз (ауылдарда 1,5 млн бала, қалалардағы
2,2 млн бала).
Ауылдық мектептер бойынша білім алушылар контингентінің төмендеуі Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.
Үш ауысымда оқытатын мектептердің болуы оқушы орындарының тапшылығын көрсетіп отыр. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша, елімізде 137 үш ауысымды мектептің 60%-ы ауылдық жерлерде, негізінен Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан.
Ауылдық жерлерде барлығы 26 авариялық мектеп бар, олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында.
Бұдан басқа, ауылдарда 239 саман, 69 ағаш және 5 қамыстан салынған мектеп жұмыс істейді, сондай-ақ 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Халықтың тығыздығы жоғары ауылдық жерлерде оқушы орындарының тапшылығы 85 мың бірлікті құрайды. Оқу ағарту министрлігінің болжамдары бойынша 2025 жылы бұл көрсеткіш 320 мың бірлікті құрады.
Бұл ретте, Оқу ағарту министрлігі экономикалық тұрғыда және тұрғындарды қоныстандыру мүмкіндігін ескере отырып, білім беру ұйымдар желісінің кепілдендірілген мемлекеттік стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін пысықтауда.
Ауыл тұрғындарын, еңбек нарығын кадрлармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын, кәсіптік-техникалық білім берудің сапалы көрсетілген қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі сақталуда.
Сонымен қатар, 2020-2022 жылдары ауылдық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары желісінің 158 бірліктен 151 бірлікке дейін қысқаруы байқалады.
PISA-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижелері қалалық және ауылдық білім алушылар арасында айтарлықтай алшақтықты көрсетіп отыр. Білім беру теңсіздігі себептерінің бірі қалалық және ауылдық педагогтердің біліктілігіндегі алшақтық, педагогикалық кадрларға деген қажеттілік, сондай-ақ оқу-материалдық базаны жарақтандырудың төмен деңгейі болып табылады.
Денсаулық сақтау
Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының саны азайып келеді.
Ауылдық аумақтар бойынша әлеуметтік-экономикалық мониторинг деректері бойынша 2022 жылдың басында ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі - АМСК) нысандарының саны 5 195 бірлікті құрады.
Бұл ретте 2 731 ауылда медициналық объектілер бейімделген үй-жайларда орналасқан, 2 293 ауылда медициналық объектілердің салынғанына 40 жылдан асқан.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 655 медициналық нысан, оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фелдьшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда.
Медициналық қызметтердің сапасына кадрлармен қамтамасыз ету әсер етеді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарда
33 мыңға жуық дәрігер және 75 мың орта медицина жұмыскері, олардың жартысына жуығы ауылдық жерлерде жұмыс істейді.
Мәдениет және спорт
2020-2022 жылдар кезеңінде мәдени-демалыс ұйымдарының саны
4 бірлікке төмендеп, 2 815 бірлікті құрады. Бірқатар мәдени-демалыс ұйымдарының жылытылмайтын үй-жайларда, авариялық жағдайдағы немесе күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттарда орналасуы үлкен проблема болып табылады.
2023 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша республикада ауылдық жерлерде 759 спорт құрылыс жайы бар.
Мәдениет және спорт объектілерінің жетіспеушілігі, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған ұйымдар ғимараттарының физикалық жағдайы негізгі проблемалық мәселелер болып табылады.
Интернетке қол жетімділік
COVID‑19 пандемиясынан туындаған бұрын-соңды болмаған дағдарыс цифрлық технологиялардың рөлі маңызды екенін көрсетті.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдағы проблема ауылдық елді мекендердің ұялы байланыспен және интернетпен толық қамтылмауы болып табылады, бұл цифрлық теңсіздіктің сақталуына алып келеді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтері бойынша 2023 жылдың басында 4 858 АЕМ (77%) интернет желісіне мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен, оның ішінде 4G технологиясы бойынша – 2 045 АЕМ (32%), 3G – 2 813 АЕМ (45%) қамтамасыз етілді.
Тіркелген интернетке 4 556 АЕМ, оның ішінде 2 606 ауылдық елді мекен ғана талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы, 1 950 ауылдық елді мекен ADSL технологиясы арқылы қол жеткізе алады.
Жол инфрақұрылымы
Бүгінгі күні жергілікті жолдар сапасының төмен болуы ауылдық аумақтар байланысының әлсіз болуына алып келуде және олардың экономикалық дамуына кедергі келтіруде.
Бұл ретте, жергілікті маңызы бар жолдардың 10%-ы (немесе 6 986 км) орташа және күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұндай жолдардың үлесі әсіресе мынадай облыстарда жоғары: БҚО – 2,6 мың км, Ақтөбе – 1,2 мың км, Атырау – 0,53 мың км және СҚО – 1,5 мың км.
Экология
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның есептемелеріне сәйкес, Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеру процесі алдағы 20 жылда артатын болады.
Мәселен, климаттық апаттар (құрғақшылық, орман өрттері және өзендердің таяздануы) Қазақстан аумағында үйреншікті жағдайға айналады.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай елде жайылымдардың өткізу қабілеттілігі 10%-ға төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы қажеттіліктің
50%-ын құрайды.
Жалпы, Қазақстанның климаты жаһандық климатқа қарағанда 2 есе жылдам жылынуда. 2050 жылға қарай Қазақстан апатты су стресі жағдайындағы мемлекеттерінің тізіміне енуі мүмкін.
Тиісінше, климаттың өзгеруі жағдайында егіншілік мәдениетін қайта қарау қажет екені айқын болып отыр.
Қазақстанда жердің тозуына, шөлейттенуге ықпал етіп, бүкіл ел бойынша шаңды дауылдардың пайда болуына алып келетін қатты құрғақшылық жиі орын алатын болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің үштен екісі құрғақшылық қаупіне ұшырауда, 2-3 жыл кезеңділігімен елде құрғақшылық пен егіннің шықпауынан туындайтын елеулі проблемалар орын алуда, ел халқының 23,5%-ы тозған жерлерде тұрады.
Ел аумағында 3 030 қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектілері (полигондар) бар, олардың 21%-ы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді.
Ауылдық елді мекендердің тұрғындарында қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі жоқ және қалдықтарды шығару жөніндегі қызметпен қамтылмаған, бұл стихиялы түрдегі полигондардың пайда болуына алып келеді. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар оларды жою үшін қомақты қаражат жұмсайды.
Өрт қауіпсіздігі
Халық саны 5 мың адамнан асатын АЕМ-де өртке қарсы қорғауды өртке қарсы мемлекеттік қызметтің 231 бөлімшесі жүзеге асырады.
Адам саны 5 мыңнан аз ауылдарда өрт қауіпсіздігі үшін 586 өрт сөндіру бекеті бар. Бұл 2020-2022 жылдар аралығында ауылдық аумақтарда өрт санын 9%-ға (6 184-тен 5 628-ге дейін) қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар шұғыл түрде өртке қарсы инфрақұрылымдар: 46 бірлік – депо, 94 бірлік – өрт сөндіру бекеттерін салу мәселесі өзекті болып отыр.
Ведомстволық статистикаға сәйкес, Қазақстанда әрбір 36 өрттің біреуінде адам өлімі жағдайы тіркеледі, бұл дамыған елдердің осыған ұқсас көрсеткішінен жоғары. Мәселен, Қазақстанмен салыстырғанда бұл көрсеткіш АҚШ-та – 10 есеге, Ұлыбританияда – 14 есеге, Францияда – 27 есеге төмен.
ЖАО материалдық-техникалық базасының жарақталу деңгейі (автоцистерналар, өрт станциялары, мұнаралар, сорғылар және басқа да жабдықтар) 70,2%-ды құрайды.
Қолданыстағы өрт сөндіру бекеттерінің жарақтандырылуының төмен болуы және бірқатар ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерінің болмауы, өртке қарсы мемлекеттік қызметтің өрт сөндіру бөлімдерінің алыс орналасуы өрт орнына бірінші өрт сөндіру бөлімшелерінің келу жеделдігіне кері әсер етеді. Осылайша, келу уақыты «20 минутқа дейін» деп белгіленген нормативтен асады.
Қоғамдық қауіпсіздік
2022 жылдың қорытындысы бойынша АЕМ-де 2 169 учаскелік полиция пункті (бұдан әрі – УПП) жұмыс істейді, қосымша 256 УПП салу талап етіледі.
Учаскелік полиция инспекторларында 2 204 бірлік қызметтік автокөлік бар, бұл ретте қажеттілік 1 053 бірлікті құрайды.
2022 жылы жол-көлік оқиғаларының 5%-ы немесе 684 ауылдық жерлерде орын алды. Қаза тапқандардың үлесі – 5% (107 адам), жарақат алғандардың үлесі – 4% (760 адам).
Авариялардың орын алуына әсер ететін негізгі себеп жолдар мен жол инфрақұрылымының жай-күйі (тротуарлардың, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандырудың және бұзушылықтарды тіркеу камераларының болмауы), сондай-ақ белгіленбеген орындарда мал айдау немесе жаю (2022 жылы жануарлармен соқтығысуға байланысты 151 ЖКО тіркелген) болып табылады.
2.4. Кадрлық қамтамасыз ету
2022 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда ауылдық жерлерде барлығы 3 488 мың адам жұмыспен қамтылды. Сонғы 3 жылда бұл көрсеткіш 0,8%-ға төмендеді немесе 28 мың адамға.
Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында жастар 22,1%-ды, ал зейнеткерлік жастағы адамдар 4,8%-ды құрайды.
2022 жылдың басында ауылдық елді мекендерде 54,4 мың дәрігер мен орта медицина қызметкері (кадрлардың қосымша қажеттілігі 3,9 мың бірлікті құрайды) жұмыс істейді. 2020-2022 жылдары дәрігерлер саны 12,7 мыңнан 13,4 мыңға дейін (5,1%), орта медицина қызметкерлер саны 51,2 мыңнан 54,3 мыңға дейін (5,9%) өсті.
Ауылдық жерлерде барлығы 209,6 мың педагогикалық қызметкер жұмыс істейді (кадрлардың қосымша қажеттілігі 2 240 бірлікті құрайды). 2020-2022 жылдары педагогикалық қызметкер саны 195,3 мыңнан 209,6 мың бірлікке дейін өсті.
2009 жылдан бастап Қазақстанда «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде ауылда жұмыс істеуге және ауылда қалуға (тұруға) ынталандыру мақсатында мамандарға көтерме жәрдемақылар және тұрғын сатып алуға бюджеттік кредиттер төленуде.
2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде осы жоба шеңберінде
35,5 мыңнан астам маман 9,6 млрд теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, ал 17,7 мыңнан астам маман 71,8 млрд теңге сомасына тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер алды, оның ішінде: білім беру – 23,4 мың адам (66%), денсаулық сақтау – 7,8 мың адам (22%), мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру – 2,3 мың адам (7%), агроөнеркәсіптік кешен – 1,5 (4%) мың адам, мемлекеттік қызметшілер – 360 адам (1%).
АӨК үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау 25 ЖОО және 157 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында жүзеге асырылады.
2022 жылы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ЖОО-ны барлығы 2,8 мың түлек бітірді, ауылдық жерде орналасқан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 16,9 мың түлек бітірді.
Жалпы, кадрларды даярлау саласында аграрлық мамандықтарды бітірушілер санының жыл сайын төмендеуі байқалады. Мәселен, 2020-2022 жылдары түлектердің саны 2,9-дан 2,6 мың адамға дейін қысқарды, ал ауылдық жерлерде орналасқан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында
6,1-ден 5,3 мың адамға дейін қысқарды.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейі мен сапасының төмендігіне байланысты жыл сайын мұндай түлектердің қаламен салыстырғанда 50% - дан азы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады.
2.5. Жергілікті өзін-өзі басқару
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметі басқарудың негізгі қағидаттарының бірі – халықтың өзін-өзі ұйымдастыруы үшін жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді институтының болуы ауылдық аумақтардың орнықты дамуының негізгі факторларының бірі болып табылады.
Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару аудандық маңызы бар қалалардың және ауылдық округтердің деңгейінде жұмыс істейді.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктеріне жатқызылған жергілікті маңызы бар мәселелер әлеуметтік міндеттердің кең ауқымын қамтиды.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиісті өкілеттіктерді тиімді орындауы ауылдық аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады.
Қазақстанда 2,2 мың ауылдық округ және 48 аудандық маңызы бар қала бар. Орта есеппен бір ауылдық округке шамамен 3 ауыл және 3,3 мың ауыл тұрғыны, ал аудандық маңызы бар бір қалаға – 24 мың тұрғыннан келеді.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын ауылдық округтер өздерінің қарауындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алмайды, шешу үшін жеткілікті қаржы да, кадрлық ресурстар да жоқ. Бұл әсіресе ауыл халқының тығыздығы төмен солтүстіктегі, орталықтағы және шығыстағы облыстарға тән.
Ресурстардың жетіспеушілігі көптеген ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік органдардың қолдауымен ғана шеше алуына алып келеді. Азаматтарды ЖӨБ органдарының қызметіне, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша талқылауға және шешім қабылдауға тарту дәрежесі төмен болып қалуда.
Қазіргі уақытта бюджеттің төртінші деңгейіндегі кірістер мыналардан қалыптасады
1) салық түсімдері (салықтар мен төлемдер),
2) салықтық емес түсімдер (айыппұлдар, ерікті алымдар, коммуналдық меншіктен түсетін кірістер),
3) негізгі капиталды сатудан,
4) аудандық бюджеттен берілетін трансферттер.
ЖӨБ бюджетінің өзіне жеткіліктілігі деңгейі жыл сайын артып келеді.
Мәселен, 2020 жылдан 2022 жыл аралығында бұл көрсеткіш 13,4%-дан 18,9%-ға дейін өсті.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінің жоғары тұрған бюджеттерге (аудан және облыс) тәуелділігі жоғары болып қалуда.
2.6. Ауылдық аумақтарды дамытуға сараланған көзқарас
Қазақстанда игерілу және ауыл шаруашылығы үшін пайдалану сипаты, даму әлеуеті мен шектеулері әртүрлі ауылдық жерлердің бірнеше түрі бар.
Бірінші типі – ауыл халқының тығыздығы салыстырмалы түрде жоғары және ауыл экономикасы көпфункционалды, ауыл шаруашылығы қала маңы үлгісіндегі және ауылдық жерді дамыту үшін әлеуметтік жағдайлары қолайлы өңірлер (Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары).
Екінші типі – ауыл халқының тығыздығы салыстырмалы түрде төмен және ауылдық жерлер негізінен аграрлық бағытта маманданған, оны дамыту үшін табиғи және әлеуметтік жағдайлары қолайлы өңірлер (Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары).
Үшінші типі – халқының тығыздығы төмен және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін табиғи жағдайлары біршама қолайлы емес өңірлер (Абай, Ұлытау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары).
Төртінші типі – ауылдық жерлерді дамытудың ошақтық игерілуі әлсіз және оны дамыту үшін табиғи-климаттық жағдайлары қолайсыз өңірлер (Атырау және Маңғыстау облыстары).
Орнықты даму міндеттерін іске асыру ауылдық аумақтардың салыстырмалы артықшылықтарын пайдалану, «өсу нүктелерін» іздеу, дамудың басым бағыттарын анықтау және қолдау, аудандар мен ауылдық округтердің өздерінің кіріс базасын қаржылық қолдау және дамыту тетігін жетілдіру негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
Бұл ретте кейбір жекелеген өңірлерде бір облыстың ішінде ауылдық жерледің бірнеше түрі болуы мүмкін.
2.7. SWOT – талдау
|
Күшті жақтары |
Әлсіз жақтары |
|
Бірқатар өңірлерде ауыл халқының табиғи өсімінің жоғары көрсеткіштерінің сақталуы Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірісі көлемінің орнықты түрде өсуі Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша арнайы бағытталған бағдарламалық құжаттардың іске асырылуы («Ауыл – Ел бесігі», «Дипломмен ауылға» және т. б.) Жергілікті атқарушы органдар дербестігінің артуы |
Қалаларға ауыл халқының көші-қоны ағынының тұрақты тренді Ауылдық жерлерде «өзін-өзі жұмыспен нәтижесіз қамтыған адамдар» үлесінің жоғары («жасырын жұмыссыздық») болуы Ауыл халқы кіріс мөлшерінің қала деңгейінен айтарлықтай артта қалуы. Ауылдағы кедейлік деңгейі қалалық көрсеткіштерден едәуір артық Ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмен болуы Қалалық және ауылдық білім алушылар арасында алынатын білім сапасы бойынша алшақтық Жер ресурстарына қол жеткізу мәселесінің шешілмеуі, жалпы ауыл халқы үшін даму ресурстарының (материалдық, қаржылық, ақпараттық және т. б.) қолжетімсіздігі Медициналық қызметтерге қолжетімділіктің жеткіліксіздігі Сумен жабдықтау қызметтерімен толық қамтылмауы Тұрғын үй қорын абаттандырудың төмен деңгейі АЕМ-нің аудан орталықтарымен және қалалармен көлік байланысының жеткіліксіздігі Ауылдық жерлерде интернет желісін қамту мен сапасының төмен деңгейі |
|
Мүмкіндіктер |
Қауіптер |
|
АЕМ-ді өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес келтіру арқылы инфрақұрылымға қол жеткізудегі теңгерімсіздіктерді қысқарту есебінен ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру Табысты кейстерді ауқымдау арқылы халық кірісін өсіру (Жамбыл облысы, СҚО, ШҚО тәжірибесі) Ауылдық аумақтарды дамытуда көлік дәліздерінің әлеуетін іске асыру Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін неғұрлым сыйымды өткізу нарықтарын қалыптастыра отырып, елімізде де, көршілес мемлекеттерде де урбандалуды өсіру. |
Қала халқымен салыстырғанда ауыл халқының кірісі мен өмір сүруі сапасындағы алшақтықтың ұлғаюы Адами капитал сапасының нашарлауы, ауыл жастарының маргиналдануы және бәсекеге қабілетсіздігі Климаттық тәуекелдердің күшеюі мен су дағдарысының ауыл шаруашылығы қызметінің барлық түрлерімен айналысу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетуі Ауыл халқының мемлекеттік билік органдарына деген сенімінің төмендеуі Жер ресурстарына қол жеткізу мәселесінің шешілмеуі, жалпы ауыл халқы үшін Даму ресурстарының (материалдық, қаржылық, ақпараттық және т. б.) қолжетімсіздігі Шекара маңы аумақтарындағы (елдің солтүстігі мен шығысы) АЕМ санының қысқаруы, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады Табиғи апаттар мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жиілігінің артуы |
Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша шетелдік тәжірибені зерделеу кезінде мыналар анықталды.
Көптеген Еуропа елдері үшін депопуляция мәселесі өзекті болып отыр.
Мысалы, демографиялық сын-қатерлерге бейімделу бөлігінде «Демографиялық сын-қатерге қарсы ұлттық стратегиясы» әзірленеген Испанияның тәжірибесін қолдануға болады.
Бұл құжатта:
халықсанының кемуінен және тығыздығының төмендігінен зардап шеккен ауылдық аумақтардың функционалдылығына кепілдік;
бәсекеге қабілеттілікті арттыру және экономикалық қызметтің жаңа түрлерін дамытуға және кәсіпкерлікті ілгерілетуге жәрдемдесу;
ауылдық жерлерде халықты қоныстандыру және бекіту көзделген.
Ауылдық жерлерде цифрлық теңсіздікті жою үшін PEBA-NGA жоспары жүзеге асырылды, ол 5 000 тұрғыннан аз халқы бар елді мекендердің 90%-дан астамын 30 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамтуды көздейді. Бұдан басқа, құжат шеңберінде мектептерді интернетке қосу бастамасы іске асырылды және агроазық-түлік секторын, орман шаруашылығын және ауыл ортасын цифрландыру стратегиясы іске асырылуда.
Тұрғындарға тұрғылықты жеріне қарамастан базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында автономды қауымдастықтар арасындағы автобус көлігінің байланысы мен қолжетімділігін жақсарту, мектепке дейінгі мекемелер мен ауылдық мектептерді ресурстық қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде қолжетімді тұрғын үйді қамтамасыз ету және т. б. іс-шаралар іске асырылуда.
Қазақстанда ауылдық елді мекендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша шаралар қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде өнімді өнеркәсіптік инвестицияларды қолдау бағдарламалары, сондай-ақ ауылдық жерлерде пилоттық жобалар арқылы экономикалық белсенділікті ынталандыру жөніндегі шаралар іске асырылуда.
Климаттың қолайсыз әсерін азайту бөлігінде құрылымдық әлсіз ауылдық аумақтардың тартымдылығын арттыру және даму серпінін арттыру мақсатында оларды мақсатты түрде нығайту жөніндегі белсенді құрылымдық саясатты іске асырудан тұратын Германияның тәжірибесін қолдануға болады.
Ауыл аудандарын дамыту шаралары ауылдық жерлердегі ерекше мәселелерді шешуге арналған (мысалы, шөлейттену және ауыл орталықтарындағы функциялардың жоғалуы, ұтқырлықтың жоғалуы немесе цифрлық инфрақұрылымның жетіспеушілігі) және ауылдық өңірлерде тең өмір сүру жағдайларын жасауға ықпал етеді.
Қолжетімді базалық көрсетілетін қызметтерге және ауылдық аймақтарда, яғни қала маңындағы аудандардан тыс жерлерде («молшылық белдеулері» деп аталатын) ерекше қиындықтарға тап болатын адам көп тұратын қала орталықтарын («интеграцияланған тұжырымдамалар» негізінде) салынатын инвестицияларға баса назар аударылады. Бұл ретте федералды үкімет федералды штаттармен бірге құрылымдық әлсіздік көрсеткіштерін ескере отырып, кеңістіктік бөлуді жүргізеді.
Франция тәжірибесі ауылдық жерлердің шағын орталықтарын қолдау жөніндегі шараларды іске асыру; осы аумақтарда цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз ету, ШОБ және қоғамдық орындарды қолдау, ауылдық жерлерде оқытуға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бөлігінде қызықты.
Францияда «Біздің ауылдар, болашақ аумақтары» стратегиялық құжаты әзірленген. Бағдарламалық құжаттағы ұрандардың бірі: «Біздің ауылдарда бірге өмір сүру». Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер айқындалған:
1) медициналық көмекке қол жеткізуді жеңілдету;
2) ауылдық жерлерде қауіпсіз қартаю;
3) ауылдық жерлердегі мектептердің ерекшелігін ескеру;
4) ауылдық жерлерде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді жеңілдету;
5) жастардың ауылдық жерлерде өркендеуіне мүмкіндік беру;
6) қашықтағы аудиторияны цифрлық технологиялармен қамтуға жәрдемдесу;
7) ауылдық жерлерде мәдениетке қолжетімділікті кеңейту;
8) спортты дамыту;
9) ауылдық жерлерде жүріп-тұруды жақсарту;
10) барлық тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігіне кепілдік беру.
Ауылдық жерлердегі сайланған лауазымды тұлғаларға ерекше мән берілетінен айта кету қажет, олар:
1) мэр және жергілікті сайланған лауазымды тұлғалардың өз мандатын орындауларына қолдау көрсету;
2) аумақтық ынтымақтастық тетіктерін нығайту;
3) ауылдық аумақтардың инженерлік базасын нығайту;
4) ЕО-мен бірлесіп еуропалық бірлікті және ауылдық аудандарды дамытуға арналған кредиттерді сақтау.
АҚШ-тың ауылдық аумақтарды дамыту тәжірибесі әкімшілік шығындарды бөлу бөлігінде зерттелген. Мысалы, олар штаттар мен федералды үкімет арасында бөлінеді, бірақ бағдарламалардың өзі федералды бюджеттен қаржыландырылады. Іске асырылып жатқан ірі жобалар, әдетте, инфрақұрылымды дамытуға (сумен жабдықтау, су бұру, көлік) байланысты болады.
Ресей Федерациясында «Болашақ ауыл» жобасы іске асырылуда, оның мәні жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және ауыл стилі мен дәстүрлерін сақтай отырып, қалалық деңгейге жақын инфрақұрылым құру болып табылады.
Осы жобаны іске асыру кезінде қала халқы көріп отырған әлеуметтік игіліктердің барлығы қолжетімді болатын қала сыртындағы жайлы өмірдің үлгісі бола алатын перспективалы даму әлеуеті бар елді мекендер айқындалды.
Беларусь Республикасында ауылдарды жаңғырту және дамыту бөлігінде мынадай басымдықтарға баса назар аударылды:
1) әлеуметтік және өндірістік салаларды жандандыру және дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін орнықты жүргізу жағдайларын қамтамасыз ету;
2) ауыл халқының табысын арттыру, ауылдық жерде лайықты өмір сүрудің негізін қалау және ауылдағы демографиялық жағдайды жақсарту;
3) ішкі нарық пен экспорттық ресурстарды қалыптастыру үшін жеткілікті көлемде ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түліктің тиімді өндіруді қамтамасыз ету.
Ауылдық кенттерде тұратын халық пен оған іргелес аумақтардың тұрғындарына әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылған ауылдық кенттердің сапалы жаңа түрі агроқалашықтар әлеуметтік стандарттардың көшбасшысы болып айқындалды.
Оңтүстік Кореяда 1960-80 жылдары «Жаңа ауыл қозғалысы» жобасы іске асырылған. Бұл ретте белсенді азаматтық қоғамдастығы мен жергілікті өзін-өзі басқару бар ауылдарды қолдау, қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешу, адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту, суару құрылыстарын жаңғырту, қоғамдық ғимараттар салу, жолдарды жөндеу және басқа да коммуникациялар мәселелеріне басты назар аударылды.
Ел халқын интернет қызметтерімен қамтамасыз етуге қатысты Қазақстан географиялық сипаттамалары мен халық тығыздығы бойынша Австралиямен және Канадамен салыстыруға болатындығын атап өткен жөн.
Канада өзінің ауылдық аймақтарын экономикалық дамыту стратегиясын іске асыруда. Осы стратегия шеңберінде билік әр канадалық үй шаруашылығын жоғары жылдамдықты интернетке қосады және канадалықтар тұратын және жұмыс істейтін жерлерде, соның ішінде негізгі жолдар мен автомобиль жолдарының бойында ұялы байланысқа қолжетімділікті жақсартады.
Қаражат талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) салуды және басқа технологияларды, оның ішінде Канаданың жетуге қиын елді мекендерін қосу үшін озық спутниктердің өткізу қабілетін қамтамасыз ету технологияларын қоса алғанда, оларды қолдауға бағытталады.
Ауылдық аймақтарды экономикалық даму шаралары бүкіл Канада бойынша кооперативтерді одан әрі қаржылық және қаржылық емес қолдауды, оның ішінде жүзеге асырылып жатқан федералды бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтер туралы көбірек хабардарболуды, нарықта жаңа тауашаларды анықтауды, жаңа бизнес-жобаларды қаржыландыруды және қолдауды және т.б. қамтиды.
Канада Үкіметі қартаюмен және жастардың ауылдық жерлерден кетуіне байланысты жұмыс күшінің жетіспеушілік мәселесін шетелдіктердің көшіп келу бағдарламалары (Provincial nominee Program, Atlantic Immigration Pilot және т.б.) іске асыру есебінен шешеді. Осы бағдарламалар шеңберінде көшіп келушілерге, егер олар ауылдық жерлердің жұмыс күшіне деген қажеттіліктерін қанағаттандырған жағдайда, тұруға ықтиярхат алудың жеңілдетілген шарттары ұсынылады.
Австралияда заманауи ірі қара мал биржаларының (ІҚМ) жұмыс істеу тәжірибесі де қызықты. Австралияда барлығы 200 осындай мал биржалары (RIPL типтік биржалары) бар. Заманауи мал биржасының болуы ірі және шағын ауыл шаруашылығы ұйымдарын, сондай-ақ халық шаруашылықтарын тарту есебінен ІҚМ секторындағы белсенділіктің, мал басының және сату көлемінің артуын айтарлықтай ынталандырады.
Биржалар сауда алаңдарын ұсынады, жануарлардың сапасына кепілдік береді, мәмілелердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Ірі биржалар жануарлардың сатылған партияларын жеткізуге көмектесетін көлік компанияларына қызмет көрсетеді.
Мал базарлары (биржалар):
малдың әділ бағасын қалыптастыруға;
шағын шаруашылық жүргізу нысандарының (ЖҚШ және ШҚ) нарыққа шығуына;
бұрын тіркелмеген малды сәйкестендіруді жүргізу.
Ауылдардағы кооперацияны дамытудың сәтті мысалы ретінде Үндістан тәжірибесін алуға бола алады. Елде Ұлттық кооператив одағы мен Ұлттық кооперацияны дамыту корпорациясы жұмыс істейді.
Ұлттық кооператив одағының қызметі кооперативтік қозғалысты ілгерілетуге және дамытуға, адамдарды кооператив секторын құру мен кеңейтуді үйретуге және көмектесуге бағытталған.
Ұлттық кооперацияны дамыту корпорациясы өндірісті ұлғайту және өнімділікті арттыру үшін фермерлік кооперативтерді ілгерілетуге, нығайтуға және дамытуға бағытталған. Корпорация ауыл шаруашылығы маркетингі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және өткізу инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламаларды іске асырады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Үндістан көптеген ауыл тұрғындарын кооперативтік қозғалысқа қатыстыруға қол жеткізген, ол кедейлікті төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға әсер еткен. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту Үндістанның оң тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
Көптеген дамушы елдердің тәжірибесін зерттеу негізінде ЭЫДҰ қалалық және ауылдық жерлердің байланыста болуын жақсартуға назар аударуды ұсынады. Бұл салауатты бәсекелестікті дамытуға және ауыл экономикасын дамыту үшін қолайлы орта құруға ықпал етуі мүмкін. Бұған қоса, ЭЫДҰ табысқа жетудіңшарты ауылдардағы инфрақұрылымның барлық түрлерін, оның ішінде білім беруді, денсаулық сақтауды, жолдарды және т.б. дамыту болып табылатынын атап көрсетеді.
Еуропа мен Орталық Азиядағы ауылдық аумақтарды дамытуды қолдау жөніндегі стратегиясында Дүниежүзілік банк ауыл шаруашылығының өсуін қалпына келтіруге, ауыл шаруашылығынан тыс дамуды кеңейтуге, кедей халыққа көбірек көңіл бөлуге, ауыл қоғамдастығы мен қоғамдық ұйымдарды дамытуға баса назар аударады.
Өрттен қорғау мәселесін шешудің халықаралық тәжірибесін зерделеу (Германия, Франция, АҚШ, Ресей, Беларусь) өртке қарсы қызмет бөлімшелері негізінен қалалар мен ірі елді мекендерде құрылатынын көрсетеді. Ауылдық жерлерде өрттен қорғауды қамтамасыз ету мәселесін шешу шағын өрт сөндіру бекеттерін дамыту есебінен жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, осы тұжырымдамадағы халықаралық тәжірибені зерделеудің нәтижелерін ескере отырып, біздің еліміз үшін ауылдық аумақтарды дамытудың мынадай құралдарын қолдануға болады:
бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен экономикалық қызметтің жаңа түрлерін дамытуға және кәсіпкерлікті ілгерілетуге жәрдемдесу бөлігінде Испания мен Беларусь тәжірибесін;
Үндістанның ауылдық жерлерде кооперациялық процестерді жандандыру тәжірибесі қызықты;
жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін әкімшілік шығындарды бөлу бөлігіндегі АҚШ тәжірибесін қолдануға болады;
Франция тәжірибесін ауылдық жерлерде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыру, ауылдағы өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бөлігінде пайдалануға болады;
Канада тәжірибесі қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) және басқа да технологияларды, оның ішінде серіктес байланысты салу есебінен жүзеге асырылатындығымен ерекшеленеді;
агроқалашықтарды дамыту жөніндегі Беларусь тәжірибесі кешенді инфрақұрылымдық даму жөніндегі шаралармен қатар (қалалармен арадағы көлік байланысын жақсартуды қоса алғанда) экономиканың ауыл шаруашылығы емес және өңдеуші секторларын қолдау, жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру жөніндегі шаралар да іске асырылатын ірі ауылдарға қолдануға болады.
Демографиялық үрдістерді ескере отырып, Қазақстанда 2027 жылға қарай 5,9 мың АЕМ болады деп болжануда, бұл ретте ауыл халқының саны
7,7 млн адам деңгейінде тұрақталады.
Бұл АЕМ ірі (тиісінше, жұмыссыз халықтың үлкен үлесімен) және қалған АЕМ болып бөлінеді.
Ірі АЕМ-де (10 мыңнан астам адам) ауыл шаруашылығы емес қызмет қызмет салаларында басым болады – өнеркәсіпте, құрылыста, логистикада, қаржы саласында, туризмде және т.б. Бұл ретте 17 аса ірі АЕМ-ді (30 мыңнан астам адам) қоғамдық пікір, тыңдаулар және т.б. арқылы қалалар санатына ауыстыру және одан әрі оларды елді мекеннің қалалық үлгісіне сәйкес келетін қала құрылысы нормаларына сәйкес дамыту ұсынылады.
Қалған ауылдардың экономикасы (әдетте халық саны 10 мың адамнан аз) негізінен мамандануы ескеріле отырып ауыл шаруашылығының қызмет, ал жекелеген жағдайларда – кен орындарын игеру (вахталық әдіспен) және туризмге негізделетін болады.
Осы санатқа әкімшілік-аумақтық заңнамаға сәйкес қоғамдық пікір, тыңдаулар және т.б. арқылы өз мәртебесіне сәйкес келмейтін 3 қаланы ауыстыру ұсынылады (Степняк 3,8 мың адам, Темір 2,1 мың адам, Жем 1,5 мың адам). Әкімшілік-аумақтық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін қалған қалаларда (халық саны 10 мың адамнан кем) олардың әкімшілік мәртебесін өзгерту бойынша процесс қоғамдық пікір, тыңдаулар және т.б. ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Жалпы алғанда, еліміздегі 6,2 мың АЕМ-де даму әлеуеті бар және ауыл халқының 90%-ы тұратын 1,2 мың ауылдық кластер бар (1,2 мың тірек ауылдар мен 2,3 мың серіктес ауылдар кіретін, барлығы 3,5 мың АЕМ).
Осы 3,5 мың тірек және серіктес ауылдар 2027 жылға қарай өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен әлеуметтік игіліктердің барлық спектрімен қамтамасыз етілетін болады. Қалған шалғайдағы 2,4 мың ауылдан (ауыл халқының 10%-ы) аудан орталықтары мен ірі қалаларға халықтың көші-қон ағыны жалғасады деп болжануда.
Қазақстандық ауылдарды перспективаға дамыту пайымы – бұл белсенді азаматтық қоғам мен жергілікті өзін-өзі басқаруды, өз табыс базасымен нығайтылған орнықты және өзін-өзі жеткілікті экономиканы, қалаға жақын деңгейде дамыған әлеуметтік ортаны, қауіпсіз қоршаған ортаны қамтитын болашақтың нақты тұжырымдалған бейнесі бар өмір үшін тартымды аумақтар.
Ауылдық аумақтар мынадай сипаттамалары бар өмір сүру үшін тартымды ортаға айналады:
ауыл тұрғындарының лайықты табысы, тұрақты жұмыс орындары болады кредиттік ресурстарға және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі;
қалалар деңгейіне сәйкес келетін сапалы инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымымен, ауыз суға қолжетімділікпен, жоғары жылдамдықты интернетпен және қауіпсіз экологиямен қамтамасыз етілген, тұруға ыңғайлы ауылдар;
бәсекеге қабілетті білім алуға, уақтылы медициналық және әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік беретін қолжетімді және сапалы қызмет көрсету;
экологиялық тәуекелдерді, ауыл шаруашылығы өнімін өткізуді қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді басымдықпен дамыту есебінен өнімді ауылдық аумақтар;
ауылдар атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді тиімді бөлу және реформаларды іске асыруға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, бизнес пен азаматтардың барынша тарту негізінде мемлекеттік басқару жүйесінің тең құқылы қатысушылары болып табылады.
Ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Ауылдық аумақтарды орнықты дамытудың негізіне мынадай қағидаттар құрайды:
адамға бағдарлану, яғни, ауылдық аумақтарды дамыту саясатын адамдардың мүддесі үшін қалыптастыру (мемлекет тұрғылықты жеріне қарамастан, халықтың базалық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді). Бұл қағидат қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру, ауылдық жерлерде адамның өмір сүру ұзақтығын ұлғайту қажеттілігін де қамтиды;
ауылдық аумақтардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылығының тиімділігі мен өнімділігін ұдайы арттыру арқылы салымын ұлғайту қағидаты;
«адамдар – инфрақұрылымға» қағидаты, яғни дамыған инфрақұрылымы бар даму әлеуеті бар ауылдарда олардың табиғи шоғырлануына жәрдемдесу арқылы ауыл халқының қалаларға көші-қон ағынын азайту.
Тұжырымдаманың жоғарыда аталған қағидаттарын іске асыру үшін мынадай тәсілдер көзделген:
Осы тәсілге сәйкес «адамдар инфрақұрылымға» моделін іске асыру жалғастырылатын болады, онда даму әлеуеті бар ауылдардағы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілердің, инженерлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, қазіргі заманғы байланыс құралдары қызметтеріне (интернет желісіне КЖД, мобильді, ұялы байланыс, цифрлық теледидар және т.б.) қолжетімділіктің басымдықпен дамуы мен жұмыс істеуі көзделген.
Бұл ретте тәсілде еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандырумен мемлекеттік қолдауды, оның ішінде азаматтарды ерікті түрде экономикалық өсудің өңірлік орталықтарынан шалғай және оқшауланған елді мекендерден инфрақұрылымы дамыған, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін, жұмыспен қамтумүмкіндіктері көбірек тірек ауылдарға және өңірлік «өсу нүктелеріне» (қалалар мен облыс орталықтарына) көшіру көзделген.
Осы тұрғыдан халық саны аз елді мекендердің ауыл халқын тартудың бастапқы орталықтары ретінде аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларды дамытуға ерекше назар аударылады.
Аталған тәсілде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, оны өткізудің тиімді тізбектерін жолға қою, сондай-ақ ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлерінің дамуын ынталандыру және т.б. көзделген.
Ауылдық аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда құқықтық, қаржы-экономикалық, ұйымдастыру шараларының жиынтығын көзделген, ол уәкілетті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әрі қарайғы қызметін айқындайды.
Осы тәсіл шеңберінде атқарушы билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді тиімді бөлу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін заңнамалық реттеу, ауылдық аумақтарды қаржыландыру тетігін жетілдіру (фискалдық орталықсыздандыру) көзделеді.
Жалпы алғанда, аумақтық ерекшеліктер мен табиғи-климаттық жағдайларды ескеретін ауылдық аумақтарды дамытуға сараланған тәсіл қолданылатын болады.
Барлық типтегі өңірлер үшін келесі шарттар жасалады:
халықтың негізгі әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге (дүкендер, ауруханалар, мектептер, мәдениет мекемелері, ұялы байланысқа, радио мен интернет желісіне қол жеткізу), сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымға (желілік газға, су құбыры мен кәрізге қол жеткізу) қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту,
ауыл тұрғындарының даму ресурстарына (жер, материалдық, қаржылық, ақпараттық және т. б.) қолжетімділігін кеңейту,
жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауылдық қоғамдастықтардың бастамаларын қолдау,
шағын және орта бизнес белдеуін құруды қоса алғанда, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың, жүйе құрушы кәсіпорындардың міндеттемелерін заңнамалық бекіту.
Бірінші типтегі өңірлер үшін ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы саясат негізінен мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:
Астана, Алматы қалаларының және еліміздің басқа да ірі қалаларының тұрғындарын отандық өндіріс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жоғары сапалы шикізат пен азық-түлік өндірісіне бағдарланған өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын қолдау;
ауыл шаруашылығы, оның ішінде кооперативтік нарықтарды дамыту үшін жағдай жасау;
табиғи аграрлық ландшафттарды сақтау және қалпына келтіру, зәкірлік стратегиялық инвесторлардың (интеграторлардың) тұрақтылығын арттыратын және ауылдық жерлерде тұратын адамдардың өмірі мен қызметін, сондай-ақ қала тұрғындарының рекреациясын қамтамасыз ететін экологиялық бағдарланған ауыл шаруашылығын дамыту,
жер қатынастарын жетілдіру және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа санаттарға тиімсіз ауыстыруды тоқтату, ауыл экономикасын әртараптандыруға және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ететін өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық субурбанизацияны қолдау,
қала маңындағы типтегі аумақтарда ауыл экономикасын әртараптандыруға жәрдемдесу, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құру үшін шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде шаруа (фермерлік) қожалықтары мен ауыл шаруашылығы (тұтыну) кооперативтерін дамытуды қолдау;
халықтың ауылдық жерлерге көші-қонына жәрдемдесу, жеке үйлердің құрылысын көтермелеу, ауылдық инфрақұрылымдық жобаларды қолдау (ауылдық жерлерге көші-қон ағындарының, оның ішінде рекреациялық сипаттағы көші-қон ағындарының ұлғаюының арқасында, қызмет көрсету саласын кеңейту жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға алып келеді) бағыттары бойынша жүргізілуге тиіс.
Екінші типтегі өңірлер үшін ауыл экономикасын дамытуға және ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған мынадай шаралар жиынтығы қолданылады:
нарықтық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету және тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарына қолжетімділігін арттыру;
ауыл экономикасын әртараптандыру, жұмыс орындарын, шағын кәсіпкерлікті және өзін-өзі жұмыспен қамтудың барлық түрлерін, әсіресе ауылдық туризм мен қолөнерді құратын ауылдық жерлердегі бизнестің барлық түрлерін қолдау;
ауылдық кооперацияны қолдау.
Үшінші типтегі өңірлер үшін мынадай шараларды орындау көзделеді:
жерді қалпына келтіру және құнарлығын қалпына келтіру;
шеткі аудандарда ауыл шаруашылығының неғұрлым кең және аз еңбекті қажет ететін салаларына (жайылымдық мал шаруашылығы, шөп өсіру) көшуді жүзеге асыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылығына арнайы қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ кредиттерге қол жеткізуді жеңілдету, техниканы жаңартуға және жем-шөп сатып алуға көмек көрсету,
ауылдық аумақтарды әлеуметтік дамыту және жергілікті өндірушілердің ұзақ мерзімді тапсырыстарымен қамтамасыз ету;
көлік байланысын дамыту.
Төртінші типтегі өңірлер үшін мынадай шаралардың орындалуы қамтамасыз етілетін болады:
аумақтардың су және экологиялық проблемаларын шешу;
көлікке қолжетімділікті жақсарту;
ауыл халқының өмір сүру сапасын және базалық игіліктер мен қызметтерге қолжетімділігін арттыру;
халықтың ауылдық жерлерден қалаларға өз еркімен қоныс аударуын ынталандыру;
өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, дәстүрлі қызмет түрлерін басым қолдау (балық шаруашылығы, түйе шаруашылығы);
шағын кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде жеңілдікті кредиттеу және салық салу, бизнес-консультация беру, тіркеу мен есептіліктің оңайлатылған рәсімі, ауылдық кооперацияны құру және дамыту сияқты экономикалық қолдау шараларын енгізу.
Іс-шараларды іске асыру мерзімдерін, қаржыландыру көздерін және жауапты мемлекеттік органдарды көрсете отырып, барлық ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін айқындай отырып, оларға сараланған көзқарас негізінде әрбір облыс бойынша ауылдық аумақтарды дамытудың жол карталары әзірленетін болады.
1-тәсіл. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен көрсетілетін базалық қызметтерді ұсынудағы тепе-теңсіздіктерді қысқарту
Осы тәсілді іске асыру шеңберінде тірек ауылдарда адами капитал сапасының орнықты өсуіне және қоршаған ортаға неғұрлым аз әсер етуге бағытталған, қалалық деңгейге жақын етіп жайлы ауылдық орта құру көзделеді.
2019 жылы өңірлік стандарттар жүйесі әзірленді және «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру басталды. Өңірлік даму саласындағы уәкілетті органның әдістемесі және облыс әкімдіктерінің ұсыныстары бойынша 1,2 мың ауылдық кластер іріктелді (оның ішінде 1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың серіктес ауыл, барлығы 3,5 мың АЕМ), онда елдегі ауыл халқының 90%-ы тұрады. Даму әлеуеті бар осы 3,5 мың ауылды қаржыландыру негізінен республикалық бюджет есебінен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде жүзеге асырылады, бұл ретте, өзге ауылдарды дамыту (елдегі ауыл халқының 10%-ы) жергілікті бюджет және басқа көздер есебінен қаржыландырылады.
«Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде республикалық бюджеттен объектілерді салу және реконструкциялау жөніндегі жобалар қаржыландыру жалғастырылатын болады:
білім беру (мектептердің жапсаржайлары, мектептер мен балабақшаларды реконструкциялау),
денсаулық сақтау (алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілері),
мәдениет (клубтар, мәдениет үйлері, мұражайлар (музейлер), кітапханалар),
спорт (дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт кешендері және спорт нысандары),
әлеуметтік қамсыздандыру,
инженерлік инфрақұрылым (сумен, жылумен, газбен, электрмен желілері, жылу, электр нысандары және жабдықтар),
көлік инфрақұрылымы (кентішілік жолдар, көшелерді жарықтандыру).
Лимиттерді өңірлер арасында бөлу негізінен халық саны мен тірек ауыл санына қарай демографиялық және экономикалық факторлармен анықталатын болады.
Бұл ретте «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар АӨК және ауылдық кәсіпкерлік саласындағы жобалар табысты іске асырылатын ауылдық округтерде басым тәртіппен жүзеге асырылатын болады.
Аталған іс-шараларды іске асыру өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына қол жеткізуге бағытталатын болады.
2027 жылдың соңына қарай «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде жобаларды іске асыру есебінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл (қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту кезінде) өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес келетін болады.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің шығыстарына күрделі және орташа жөндеу жөніндегі іс-шаралар бойынша шығыстарды жалпы сипаттағы трансферттермен (ЖСТ) беруге байланысты республикалық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде 2025 жылдан бастап тірек АЕМ-нің әлеуметтік, инженерлік және көліктік (кентішілік жолдар) инфрақұрылымы бойынша жобалар қаржыландырылатын болады.
2025 жылдан бастап серіктес АЕМ-ді (стратегиялық АЕМ-ді қоса алғанда) дамыту жөніндегі жобалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болады.
Осы мақсатта өңірлердің кіріс көздері салықтар мен төлемдердің жекелеген түрлерін республикалық деңгейден жергілікті бюджеттерге фискалдық орталықсыздандыру шеңберінде беру жолымен кеңейтілетін болады.
Даму әлеуеті бар (тірек және спутниктік, стратегиялық АЕМ-ді қоса алғанда) ауылдардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органмен келісу бойынша және өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттарға (әдістемеге) сәйкес айқындайды және бекітеді.
Бюджеттік қаржыландыруға толықтыру ретінде инфрақұрылымдық жобаларды жеке инвестициялар есебінен қаржыландыру бойынша сәтті өңірлік кейстерді енгізу мәселесі қаралатын болады (Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдық аумақтарды орнықты дамыту қорының, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және т.б. облыстардағы АӨК ірі субъектілерінің тәжірибесі).
Бұл шара адами капиталды тарту (көтерме жәрдемақы ұсыну, тұрғын-үй жөндеу), инфрақұрылымдық жобаларды реконструкциялауға немесе салуға жобалық-сметалық құжаттаманы және бизнес-жобаларды қоса қаржыландыру үшін жағдайлар жасау жолымен бизнес тарапынан іске асырылатын болады.
Шекара маңындағы, халық саны аз ауылдық елді мекендерде қолданыстағы инфрақұрылым мен көрсетілетін базалық қызметтерді қолдау қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтері тұрғындарының жалақысына үстемеақы енгізу мүмкіндігі қаралатын болады.
Өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және жайластыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Халық саны аз ауылдық елді мекендердің (адам саны 50-ден кем) және даму әлеуеті бар АЕМ тізбесіне кірмеген ауыл тұрғындарының тұру жағдайын жақсарту мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен басқа елді мекендерге қоныс аудару бойынша жағдайлар ұсынылатын болады. Осыған байланысты жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
Ауылдық аумақтардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу деңгейі өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік және инженерлік-техникалық инфрақұрылым объектілерімен және көрсетілетін қызметтерімен қамтамасыз етілудің интегралдық көрсеткішін пайдалану арқылы жыл сайын бағаланатын болады.
Жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етілу жөніндегі ақпаратты мемлекеттік объектілер мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және аумақтық қолжетімді болуы, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын кешенді дамыту бөлігінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланатын болады.
Ауылда инфрақұрылымдық объектілерді дамыту басқа салалық бағдарламалық құжаттар шеңберінде көзделген ауылдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру есебінен үйлестірілетін болады.
Ауылдық елді мекендерді жоспарлы дамыту және құрылыс салу үшін жергілікті атқарушы органдар бас жоспарлар мен толық жайғастыру жобаларын әзірлейді және объектілердің орналасу орындары мен олардың санитариялық-қорғау аймағы анықталатын өзгерістер мен толықтыруларды уақытылы енгізуді қамтамасыз етеді.
Тұрғын үй
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді уақтылы іске қосу мақсатында ауылдық жерлерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін игерілмеген жаңа жер учаскелеріне сумен, электрмен және газбен жабдықтау желілерін салу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Ауыл халқын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және оның құрылысын ынталандыру мақсатында ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі белгіленетін болады.
Жұмыс берушілердің пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде шығындары субсидиялануға жататын болады.
Сумен жабдықтау
1 395 АЕМ-ні сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін (432 АЕМ) орталықтандырылған сумен жабдықтаумен және (963 шағын АЕМ) кешенді блок-модульдермен және су тарату пункттерімен қамту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Электрмен жабдықтау
Ауылдық елді мекендерді электрлендіру үшін баламалы және жаңартылатын энергия көздерінің технологияларын қолдану қарастырылатын болады.
Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электрмен жабдықтау желілерінің тозуын азайту жөнінде нақты шаралар қабылдайтын болады.
Әлеуметтік инфрақұрылым
«Жайлы мектеп» білім беру саласындағы және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобалары шеңберінде АЕМ-дер денсаулық сақтау саласындағы ресурстық қамтамасыз етудің нормативтері мен нормаларына сәйкес медициналық мекемелермен қамтамасыз етілетін болады, сондай-ақ апаттық жағдайдағы мектептерді жою және үш ауысыммен оқытатын мектептерді, орта білім беру ұйымдарында оқушы орнына тапшылықты болдырмау мәселелері шешілетін болады.
Қала мен ауыл арасындағы білім беру және жарақтандыру сапасындағы алшақтықты қысқарту жөнінде жүйелі шаралар қабылданатын болады.
«Powered by NIS ауыл мектебі» жобасының ірі аудан орталықтарындағы ауыл мектептерінде үздік білім беру практикасын, жабдықтау мен мұғалімдерді оқытуды енгізу бойынша сәтті тәжірибесі ауқымды таратылатын болады.
Бұл ретте, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда интернаттық оқытуды дамыту жұмысы жалғастырылатын болады.
Салауатты өмір салты мен спортты насихаттау тек жас ұрпақ үшін ғана емес, басқалар үшін де маңызды, өйткені бұл физикалық белсенділік өмір сүру ұзақтығын арттырып, оны қызықты, сонымен қатар әр түрлі ете алады.
Ол үшін тез салынатын және аз шығынды спорт ғимараттарын салу көзделіп отыр.
Ауылдық аумақтар мен ауылдық мәдениет ұлттық бірегейліктің негізі болып табылады. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және дамыту, кәсіби өнер мен халық шығармашылығын дамыту жағдайларын қамтамасыз ету, теңгерімді тілдік және әлеуметтік бағдарланған жастар саясатын жүргізу мәдени объектілерді (кітапханалар, клубтар, мұражайлар, кинотеатрлар, киноқондырғылар және т.б.) тұрғызу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жолымен жүзеге асырылатын болады.
Әрбір аудан орталығында заманауи үлгідегі кітапханалар салынады немесе жаңғыртылады.
Ауылдық клубтар жергілікті тұрғындарды тарту орталықтарының функцияларын орындайды, онда мектептен тыс сабақтар – көркемөнерпаздар үйірмелері, студиялар, жас натуралистер және т. б. ұйымдастырылады.
Бүгінгі таңда заманауи байланыс құралдарымен қамтамасыз ету өмір сапасын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Осылайша, еліміздің барлық ауыл халқы интернет желісімен (интернет желісіне және спутниктік байланысқа кең жолақты қол жеткізудің техникалық мүмкіндіктерін қолдана отырып) қамтамасыз етілетін болады.
Тірек ауылдар пошта байланысы және халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызмет көрсету желісімен қамтамасыз етілетін болады.
Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер көрсету «қадамдық қолжетімділік» қағидаттарына сәйкес ұсынылатын болады, бұл ретте, аудан орталықтары мен тірек АЕМ көрсетілген және басқа да коммерциялық, цифрлық қызметтер көрсету орталықтары болады.
Бұдан басқа, АЕМ-дер, оның ішінде шалғайдағы және шекара маңындағы елді мекендер отандық цифрлық эфирлік теле- және радио хабарларын тарату телеарналарымен қамтамасыз етілетін болады.
Қауіпсіздік
Ауылдық жерлерде тұру қауіпсіздігін арттыру бөлігінде заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, инфрақұрылымның материалдық-техникалық жарақтандырылуын дамыту және нығайту бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Атап айтқанда, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесімен тұтас қамту енгізіледі, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдері, мал айдау аймақтары орнатылады. Мұның бәрі ауылдардағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың қауіпті факторларының қаупі немесе теріс әсерлері туындаған кезде халықты уақтылы хабардар ету және ақпараттандыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында ауылдық елді мекендерде техникалық хабарлау құралдарын орналастыру ұсынылады.
Шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындардың болмауы ауылдық елді мекендердің тұрғындарын осы мақсатта жабдықталмаған (құтқару және қоғамдық бекеттер, алғашқы көмек көрсету пункттері жоқ, түбін тексере алмайтын және суға қауіпсіз жақындай алмайтын) су айдындарын пайдалануға мәжбүрлейді, бұл, сайып келгенде, халықтың қауіпсіз демалысына кері әсерін тигізеді және оның салдары азаматтардың өліміне алып әкеледі.
Осыған байланысты шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған (құтқару және қоғамдық бекеттер, алғашқы көмек көрсету пункттері, суға қауіпсіз жақындау және т.б.) орындарды құру, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес жұмыс істеп тұрған су айдындарын жарақтандыру мүмкіндігін қарау, сондай-ақ халықтың демалуы мен шомылуы үшін қосымша коммуналдық және жеке орындар құру ұсынылады.
2-тәсіл. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жолымен ауыл халқы табысының деңгейін арттыру
Ауыл халқының табысын ұлғайту және жұмыспен қамтылуын арттыру агросектордағы және ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлеріндегі ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетінің тиімділігін арттыру, ауылдық қоғамдастықтардың бастамаларын, экологиялық жобаларды дамыту жөніндегі шаралар есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Агроөнеркәсіптік өндірістің, бірінші кезекте ауыл шаруашылығының жай-күйі ауылдық аумақтарды дамыту перспективаларына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, талдау нәтижесі Қазақстан аграрлық секторының елеулі осалдығын, сондай-ақ пайдаланылмаған әлеуетін көрсетеді.
Отандық агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамыту Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады.
АӨК дамытудың негізгі басымдықтары:
экспорттық саясаттың шикізатқа бағытталудан өңделген өнімге көшуі, бұл ауыл шаруашылығының және бүкіл қосылған құн тізбегі бойынша кірістердің сапалы өсуін қамтамасыз етеді.
жоғары пайдалы дақылдарға (оның ішінде жемшөп дақылдарына) көшумен және тиісінше қарқынды мал шаруашылығын (жер заңнамасы, жерді қашықтықтан зондтау технологиясы талаптарының орындалуын бақылауды күшейте отырып) дамытуға көшумен өндірісті әртараптандыру.
негізгі азық-түлік түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
аграрлық өндірісті индустрияландыру.
АӨК заманауи инфрақұрылымын, яғни ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік жүйелерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сақтау жүйелерін, АӨК қаржы және сақтандыру инфрақұрылымын дамыту.
АӨК-тің басым бағыттары бойынша экожүйелерді дамыту болып табылады.
АӨК тұжырымдамасында көзделген шаралар ауылдық аумақтардағы тіршілікті қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін дамыту процесімен, сондай-ақ АӨК-ті дамытудың қолда бар әлеуетін, даму ресурстарына (жер, материалдық, қаржылық және ақпараттық) қол жеткізуді, ауыл халқына экономикалық өсу орталықтарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін өнімді өткізу нарықтарының және байланыстырушы инфрақұрылымның болуын ескере отырып, жүзеге асырылатын болады.
Агроөнеркәсіптік секторды қалыптастырудың негізі:
Ауыл шаруашылығындағы көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту үшін саланы цифрландыру бойынша шаралар қабылданатын болады, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесі енгізілетін болады.
АӨК-де мамандандырылған факторларды (ирригация, мелиорация, химияландыру, ветеринария, фитосанитария жүйелері, карта жасау жүйелері, электрондық паспорттар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқару жоспарлары және т.б.) құру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
АӨК-ті одан әрі дамытуда фермерлер, қайта өңдеушілер мен тұтынушылар арасындағы тізбектегі байланыстарды нығайту арқылы қосылған құн тізбегін дамытуға, сондай-ақ инновацияларды тарату, оқыту, сапаны басқару, АШТӨ-нің нарықтарға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі платформалар мен институттарды дамытуға басты назар аударылатын болады.
Әрбір облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінің салаларына, әдетте, негізгі шикізат өңдеушілер ретінде стратегиялық зәкірлік инвесторларды (интеграторларды) тарту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады.
Зәкірлік инвесторларды (интеграторларды) тарту кезінде әрбір облыс бойынша табиғи-климаттық және экономикалық факторлар ескерілетін болады.
Мысалы:
Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдарды өндіру және тереңдетілген өңдеу,
Алматы және Ақтөбе облыстарында қой етін өндіру және өңдеу,
Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында майлы дақылдарды өндіру және өңдеу,
Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында сүт өндіру және өңдеу,
Жамбыл және Түркістан облыстарында жемістер мен көкөністерді өндіру және өңдеу,
Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында жеміс өндіру және өңдеу;
Жетісу және Жамбыл облыстарында қант өндіру.
АӨК өндірісінің көлемі, тартылған отбасылық және фермерлік шаруашылықтардың саны, сондай-ақ жұмыс орындары өңірде зәкірлік инвесторларды (интеграторларды) тарту мен бекітудің басты өлшемшарттары болып саналатын болады.
Осылайша, АӨК тұжырымдамасын табысты іске асыру ауылдық аумақтарды дамытудың экономикалық негізі болып табылады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) табысты жұмыс істеуіне (бұдан әр – АШТӨ), өнім өндіру және өткізу кезінде АШТӨ шығындарының төмендеуіне, ауыл шаруашылығының және жалпы АӨК-тің теңгерімді дамуына ауыл шаруашылығы кооперациясы ықпал ететін болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу, өңдеу, материалдық-техникалық жабдықтау, АШТӨ-ге сервистік және ақпараттық-маркетингтік қызмет көрсету жүйесін дамыту маңызды бағыт болып табылады.
Өндірістік кооперативтер жерді бірлесіп өңдеу, ауыспалы егістердің бірыңғай жүйесін пайдалану, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өсіру мен жануарларды өсірудің прогрессивті технологияларын пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану және т.б. жолмен ауыл шаруашылығы отандық өнімдерін өндірумен айналысатын болады.
Өткізу кооперативтері кооператив мүшелері өндіретін өнімді өткізумен, сондай-ақ шикізатты сол күйінде немесе өңделген түрде жинаумен, сақтаумен, сұрыптаумен, кептірумен, көтерме немесе бөлшек саудада сатумен және кооператив мүшелерінің өнімдерін тасымалдаумен айналысатын болады.
Өңдеу кооперативтері ауыл шаруашылығы отандық өнімін, оны кейін ірі өңдеу кәсіпорындарына және көтерме-бөлшек сауда желілеріне өткізе отырып, бастапқы өңдеуді ұйымдастыру мақсатында құрылатын болады.
Материалдық-техникалық жабдықтау кооперативтері АШТӨ-ні өндірістік процесте қажетті отандық ресурстармен және материалдармен: жанар-жағармай материалдарымен, тұқымдармен, отандық тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, жем-шөппен, отандық ауыл шаруашылығы техникалармен, қосалқы бөлшектермен, құрылыс және ауыл шаруашылығы өндірісіне арналған басқа да ілеспе материалдармен қамтамасыз ететін болады.
Сервистік кооперативтер өзінің мүшелеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу процесіне, сондай-ақ басқа салалардағы (агрохимиялық, ветеринариялық, техникалық қызмет көрсету, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техниканы жөндеу және қызмет көрсету, телефондандыру, асыл тұқымды және селекциялық қызмет, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында зерттеулер жүргізу және т.б.) жалпы қажеттіліктерді қанағаттандыруға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсынатын болады.
Ақпараттық-маркетингтік кооперативтер өздерінің мүшелерін жаңа технологиялар, сорттар, тұқымдар, нарықтардағы жағдайлар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің артықшылықтарына:
жер, өндірістік, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, өндірістік кооператив құру кезінде өнім өндірудің прогрессивті технологияларын, ауыл шаруашылығы техникасын, технологиялық жабдықтарды бірлесіп пайдалану мүмкіндігі;
өндірілген АШТӨ өнімін делдалдарсыз, тікелей өңдеуге, сауда желісіне тұрақты өткізу;
кооператив мүшелерінің өнімнің неғұрлым ірі партияларын қалыптастыру есебінен шикізатты өңдеуге және сатуға дейін тасымалдауға, жеткізуге жұмсалатын шығындарын қысқарту;
кооператив басқармасы аппаратының құжаттарды орталықтандырылған дайындау жолымен кооператив үшін мемлекеттік субсидиялар алу, жеңілдікті кредит беру, салық салу мүмкіндігі;
кооператив мамандарынан ақпараттық-консультациялық көмекті өтеусіз алу мүмкіндігі;
суару және ауыз сумен қамтамасыз ету;
ауылдық елді мекендерді абаттандыру бойынша қызметтер көрсету;
агрохимиялық, ветеринариялық, техникалық қамтамасыз етуге, техниканы жөндеуге және қызмет көрсетуге, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа жұмсалатын шығындарын азайту;
тұрақты жұмыспен (маусымда тұрақты және қосымша жұмыс) қамтамасыз ету жатады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері ауыл шаруашылығы өнімдерін отандық өндірушіден тұтынушыға дейін жылжыту процесінде Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің түрлі салаларында (сүт, ет, жеміс-көкөніс, мақта өсіру, май және т.б.) құрылатын болады. Кооперативтерді қалыптастыру кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің, шикізаттың, азық-түліктің жекелеген түрлерінің және олардың нарықтарының өзіндік ерекшеліктері ескерілетін болады.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын ұйымдастыру кезінде қазірдің өзінде қолда бар өнім өңдеу жөніндегі өндірістік қуаттар барынша тартылатын болады. Өңдеу кәсіпорындары жоқ аудандардың аумағында жаңа қуаттарды салу кезінде өңделетін ауыл шаруашылығы өнімінің ерекшеліктері: масса бірлігіне арналған көлік шығындары, капиталды қажетсіну, шикізат түсуінің ықтимал көлемі мен маусымдылығы ескерілетін болады.
Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерінің болуын ескере отырып, құрылған кооперативтерге түсіндіру жұмыстарын, қаржылық, ұйымдастырушылық, насихаттау, консультациялық, ақпараттық көмекті қамтитын ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың өңірлік жоспарлары әзірленетін болады. Оларды әзірлеу кезінде пайдаланылатын ресурстарды, оларды алу көздерін, қол жеткізілетін нәтижелерді және ауыл шаруашылығы кооперациясын тарату мен дамыту тетігін көрсете отырып, өзара байланысты міндеттер кешені, әлеуметтік, экономикалық, ұйымдастырушылық, өндірістік сипаттағы атаулы іс-шаралар ескерілетін болады.
Өңірлік жоспарларды оң тәжірибені таратуға, кооперативтердің өткізу нарықтарына қол жеткізуін жеңілдетуге, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтауға, агросервистік көрсетілетін қызметтерге бағытталатын болады.
Өңірлік жоспарларды іске асыру шеңберінде әрбір ауылдық округте кооперативтер құрылатын болады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар кооперативтердің аудандық бірлестіктерін (қауымдастықтарын, одақтарын) және аудандық кооперативтердің облыстық бірлестіктерін (қауымдастықтарын, одақтарын) қалыптастыруға жәрдемдесетін болады.
Ауылда ауыл шаруашылығы кооперативтерін табысты дамыту шарттарының бірі мемлекеттік, өңірлік және аудандық деңгейлерде біріктірілген ұйымдық-құқықтық және функционалдық қатынастарда түрлі түрдегі және деңгейдегі кооперативтердің жиынтығы болып табылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің бірыңғай жүйесін құру болып табылады.
Сонымен қатар, мемлекет ауданаралық кооперацияны ынталандыратын болады.
Ол үшін 2-3 ауданның мысалында осы аудандардың әкімдіктері мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықтың пилоттық моделі іске асырылатын болады.
Бұл модельдің негізінде осы аудандарда тұрған (мысалы, бір ауданда құрама жем өндіру және құрама жем өндіру үшін қажетті жануарлар компоненттерін немесе конфискаттарды басқа аудандағы бордақылау алаңдарынан алу) өзара байланысты технологиялық қайта бөлуге (өндіруге) жеке инвестициялар болады. Осы тәсілді тиімді іске асыру үшін келісім (меморандум) жасалып, аудандар мен инвесторлар өкілдері арасында жобалық офис құрылатын болады.
Осы тәсілдің жалпы тұжырымдамасы өндірістік әлеуетті дамыту, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында бизнестермен бірлесіп, аудандарды дамыту жоспарын (тірек АЕМ көрсетіле отырып) әзірлеу және іске асыру арқылы ауданаралық кооперацияны мемлекеттік қолдауға бағытталатын болады.
ЖҚШ (кооперативтер) мұқтаждарына арналған жер учаскелерін ұтымды пайдалану және жем-шөппен және жайылымдармен проблемаларды шешу мақсатында пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, берілген жерлерді алып қою бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Қолданыстағы су қоймаларын реконструкциялау және суды жинақтау үшін жаңа су қоймаларын салу жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады, бұл елді мекендер үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және т.б. мүмкіндік береді.
Субсидиялар, инвестициялық субсидиялар, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдікпен кредит беру түрінде мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жалпы ауыл шаруашылығы өнімі өсуінің жоғары нәтижелеріне қол жеткізуге, ауылдың жер, өндірістік, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандар (ЖҚШ) және олардың жеке кәсіпкерлер мен кооператив мүшелері мәртебесіне өтуі есебінен жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту табысты құрылған және жұмыс істеп тұрған кооперативтері бар ауылдық округтерде басым тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Осылайша, ауыл экономикасын дамыту (ауыл шаруашылығын дамыту, жұмыс орындарын құру және ауыл тұрғындарының табысын арттыру) жөніндегі шаралармен ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралардың синергиясы қамтамасыз етілетін болады.
Шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру ауылда кәсіпкерлікті дамытудың алғышарттарын - нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды құруға ықпал ететін болады. Бұл экономикалық мәселелерді де (шығындарды қысқарту, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, еңбек өнімділігін арттыру және т.б.), сол сияқты әлеуметтік проблемаларды – жұмыспен қамтуды кеңейту, ауыл халқының жұмыспен қамтылуын және табысын арттыру, жас кадрлардың кетуін қысқарту сияқты мәселелерді де шешуге мүмкіндік береді.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауыл халқының табысын арттыру құралдарының біріне айналады. Әрбір ауылдық округтің мамандануына скрининг жүргізу, ЖҚШ микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, лизингке техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету және т.б. бойынша шаралар іске асырылатын болады (Жамбыл облысының тәжірибесі мысалында).
Жобаның ерекшелігі – ЖҚШ-ны қолдаудың кешенді тәсілі:
бірінші: бір ауылдық округ тұрғындарының жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-ға төмендетілген микрокредиттермен қажеттілігін барынша қанағаттандыру (мөлшерлемені төмендетуге сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы кредиттеу тетігін пайдалану есебінен қол жеткізілді).
екінші: осы ауылдық округте қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жемшөп дайындау, сервистік-өткізу кооперативін ұйымдастыру. Кооператив құрудың мақсаты – өз мүшелерін нарықтық бағадан төмен бағада (40-50%-ға) тұқымдармен, көшеттермен, жемшөптермен және қызметтермен қамтамасыз ету, өнімді өткізу қызметтері, қажет болған жағдайда шикізатты қайта өңдеу өндірістерін ұйымдастыру. Бұл ретте кооперативті кооператив мүшелері – яғни ауылдық округ тұрғындарының өздері басқарады. Кооператив жеңілдікті мөлшерлеме бойынша ауыл шаруашылығы техникасымен және жабдықтарымен, сондай-ақ ірі және дәнді жемшөп өсіруге арналған егістік және шабындықтармен қамтамасыз етіледі.
Бұл ретте, өңірдің мамандануына қарай ӘКК жергілікті атқарушы органмен бірлесіп әрбір ауылдық округ үшін үлгілік бизнес жоспарлар әзірленетін болады. ЖҚШ-ға консультациялық көмек көрсету мақсатында кооперативтерді ұйымдастыруда олардың құрамына ӘКК қосыла алады. Ол үшін ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Жаңадан құрылатын ЖҚШ ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салық заңнамасын және салық жеңілдіктерін жетілдіру жөніндегі мәселе қаралатын болады.
Өз тарапынан облыстардың әкімдіктері өндірістерді ашу үшін кооперативке және басқа да қажетті инфрақұрылымға беру үшін бос жайылымдардың, егістік және шабындықтардың болуына ауылдық округтердің скринингін жүргізетін болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің деградациясы мен сапасының нашарлауы жағдайында оларды қалпына келтіру, оның ішінде түбегейлі және үстірт жақсарту, пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді айналымға тарту есебінен қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жобаны іске асыру мақсатында тұрақты негізде:
білімді тарату бойынша жұмыс;
шағын шаруашылық нысандарын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктірудің артықшылықтарын, кооперативтегі шаруаішілік қатынастардың ерекшеліктерін, мемлекеттік қолдау шараларын, салық салу ерекшеліктерін, кооперативтерде есепке алу мен есептілікті жүргізуді түсіндіру;
ауыл шаруашылығы кооперациясын насихаттау жүргізілетін болады.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сауаттылығын арттыру, шағын шаруашылықтарды кооперациялаудың әлеуетті мүмкіндіктері туралы білімді тарату, ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкелерін өткізу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың белсенді қатысуы міндетті шарт болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы қарыздарын, кепілмен қамтамасыз ету бойынша кепілдіктер беру жөніндегі жаңа тетіктерді енгізу есебінен кредиттік ресурстарға қолжетімділік артады.
Бұл ретте, аудандарда «Мен-кәсіпкер» құралы шеңберінде «Бір ауыл-бір өнім» жобасы іске асырылатын болады. Бұл шаралар шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық АӨК субъектілері үшін қаржы құралдарына тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл бизнесінің әлеуетін арттыру үшін агробизнеске ауылдың инфрақұрылым объектілерін қамтамасыз етуге салынған шығындардың бір бөлігін өтеу тетігі әзірленетін болады.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігі азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысының АӨК-тегі ірі зәкірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру тәжірибесі Заңда белгіленген тәртіппен сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы кеңейтілетін болады.
Осы жобаларды іске асыру республика бойынша кәсіпкерлікке 50%-ға ЖҚШ-ын тартуға және 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалалардағы коворкинг-орталықтардың негізінде кәсіпкерлерді оқыту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін негізгі өткізу нарығы аудан орталықтары мен ірі қалалар (облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар) болып табылатынын атап өту қажет.
Осыған байланысты ірі қалаларда өңірлік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін маусымдық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үнемі және тұрақты негізде өткізілетін болады.
Микрокредиттеу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде ауыл шаруашылығы емес бизнесті, әсіресе ірі ауылдарда қаржыландыру көзделетін болады.
Ірі ауылдардағы баламалы қызмет түрлері (көрсетілетін қызметтер, қолөнер, халық кәсіпшілігі, логистика және т.б.) ауылда кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларының неғұрлым тиімді шарттарын қолдану арқылы ынталандырылатын болады.
Ауыл аумақтары туризмнің барлық түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін бірегей табиғи-климаттық және мәдени-тарихи ерекшеліктерге ие. Неғұрлым тартымды бағыттар агро-, этно және экотуризм болады, оларды дамыту үшін тиісті инфрақұрылым жаңғыртылатын болады.
Кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру мақсатында аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда шағын өнеркәсіп парктерін құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Шағын өнеркәсіп парктері бос тұрған, тоқтап тұрған өндірістік нысандарды қайта құру немесе зәкірлік стратегиялық инвесторлар (интеграторлар) есебінен салу жолымен құрылатын болады. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін жалдау ақысын субсидиялау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Бұдан басқа, ауылдық жерлерде іске асырылатын өнеркәсіптік жобалар да (негізінен тау-кен өнеркәсібі) бар.
Мысалы:
Ақтөбе облысында - хром концентратын өндіру (Хромтау ауданының Ақжар, Никельтау, Дон, Қызылсу, Сарысу ауылдары), мыс-мырыш концентратын өндіру (Мұғалжар ауданының Көктау, Көктерек, Майтөбе, Қарабаза, Тасөткел, Қопа ауылдары, Төлеубұлақ, Бұлақты, Борлы ауылдары), газ өңдеу (Мұғалжар ауданының Шеңгелді, Жағабұлақ, Бірлік, Саға, Жаркемер, Байғанин ауданының Қожасай, Кемерші, Бұлықтыкөл ауылдары), мұнай өнімдерін өндіру (Мұғалжар ауданының Басшилі, Сағашилі ауылдары, Байғанин ауданының Жаңатаң ауылы), минералды тақтайшалар өндіру (Мұғалжар ауданы Елек ауылы) жөніндегі жобалар;
Шығыс Қазақстан облысында - табиғи газ өндіру (Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылы), тас көмір өндіру (Зайсан ауданының Сарытерек ауылы), түсті металдар кендерін өңдеу (Глубокое ауданының Белоусовка, Алтай кенттері), құрамында алтын бар кендерді өңдеу (Глубокое ауданының Секисовка ауылы), мыс өндіру және өңдеу (Күршім ауданының Ақбұлақ ауылы), алюминиттер өндіру және өңдеу (Самар ауданының Қойтас ауылы) жөніндегі жобалар;
Қарағанды облысында – қорғасын-мырыш кендерін өндіру (Шет ауданының Ақжал кенті), мыс кені шикізатын, алтын мен күміс өндіру (Бұқар жырау ауданының Баймырза ауылы), полиметалл кендерін өндіру (Қарқаралы ауданының Бесоба ауылы), көмір өндіру (Нұра ауданының Шұбаркөл кенті, Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық, Қарақұдық ауылдары) жобалары;
Қызылорда облысында - полиметалл кендерін өндіру (Жаңақорған ауданының Шалқия ауылы), ас тұзын және техникалық тұз өндіру (Арал ауданының Жақсықылыш ауылы) жөніндегі және т.б. жобалар.
Сонымен бірге, ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларын толыққанды дамыту үшін көптеген факторлардың болуы талап етіледі және мұндай жобалар, әдетте, қалалардың айналасында орналасқан елді мекендерде іске асырылады.
Ауылдарға жақын орналасқан кен орындарын игеру кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың, жүйе құрушы кәсіпорындардың шағын және орта бизнес белдеуін құруды, әлеуметтік дамытуды және қатысатын өңірлердегі ауылдық аумақтарды өндірушілерді ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі міндеттемелерін заңнамалық бекіту жөніндегі мәселе пысықталатын болады.
Жалпы, жоғарыда айтылған зәкірлік стратегиялық инвесторларды (интеграторларды), ауылдық кәсіпкерлікті, ауылдағы баламалы қызмет түрлерін дамыту мен қолдау жөніндегі стратегиялық шараларды іске асыру, ауылдық жерлерде бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысының жыл сайынғы өсуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен қоса, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде кешенде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал ететін болады.
Бұл тәсілді іске асыру әрбір өңірдің экономикалық мамандануы мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
3-тәсіл. Ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету
Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша институционалдық өзгерістер ауылдық аумақтарды бірнеше бағыттар бойынша дамытуды реттеу саласындағы заңнаманы және нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру негізінде жүргізілетін болады.
Дамудың демографиялық, экономикалық және өзге де факторларын ескере отырып, ауылдардың әлеуетін айқындау өлшемшарттары және тиісінше даму әлеуеті бар ауылдардың тізбесі өзектілендірілетін болады.
Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару туралы Заң қабылданатын болады.
2024 жылдан бастап аудандық маңызы бар қалаларда және ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастық жиналысын қайта құру жолымен Кеңес – жергілікті өзін-өзі басқару органын құру көзделіп отыр.
Кеңес өкілеттігіне жергілікті қоғамдастықтың жиынымен келісілген жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспарын, ЖӨБ бюджетін бекіту, оның атқарылуын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақта орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу кіретін болады.
Сонымен қоса, Кеңес елді мекендерді абаттандыру, санитария, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар мен конкурстар өткізу мәселелерін реттейтін болады.
Сондай-ақ, Кеңеске ауылдық округ әкімі аппаратының тұрғындарға ақылы негізде көрсететін қызметтеріне тарифтерді бекіту бойынша құзыреттер берілетін болады.
Бұл ретте, Жергілікті өзін-өзі басқару туралы Заң шеңберінде салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін (су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы; жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым; жекелеген қызмет түрлерімен (алкоголь өнімін сақтау және өткізу бойынша) айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы) ЖӨБ бюджетіне беру жоспарлануда.
Функцияларды оңтайландырумен қатар елді мекендердің әкімшілік-аумақтық мәртебесі «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңда көзделген санаттарға сәйкес келтірілетін болады.
Ауыл шаруашылығы саласының проблемаларын терең зерделеу және өңірлерді мамандандыруда бірыңғай тәсілдерді айқындау үшін өңірлердің скринингі жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қоса, өңірлік стандарттар жүйесінің әлеуметтік объектілермен (игіліктермен) және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етілу көрсеткішін ескере отырып, жалпы трансферттерді есептеу әдістемесін жаңарту қағидаларына өзгерістер енгізілетін болады. Бұл интегралды көрсеткіш елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін және онда тұратын ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін сипаттайды.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру тетігі қайта қаралатын болады. Атап айтқанда, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін күрделі және орташа жөндеу жөніндегі іс-шаралар жалпы сипаттағы трансферттер және жергілікті бюджеттер шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Мұндай жағдай ауыл тұрғындары үшін жарияланымдарға ашық шығуды қамтамасыз ету арқылы өңірлік стандарттар жүйесінің транспаренттілігінің объективті қажеттілігін негіздейді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, іске асырылып жатқан іс-шаралар бойынша прогресті көрсету бөлігінде мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жариялылығын қамтамасыз етеді.
Объектілермен (игіліктермен) және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету көрсеткіші жергілікті атқарушы және салалық мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауға интеграцияланатын болады.
Оған қол жеткізудің кезеңділігі ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне мониторинг (скрининг) нәтижелерін ескере отырып, нақты іс-шаралар мен жобалар көзделетін даму әлеуеті бар ауылдық елді мекенді дамыту жоспарында көрсетілетін болады.
Ауылдық елді мекендердің сараланған көзқарасына негізделген әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторингті жергілікті атқарушы органдар өңірлік саясат саласындағы уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен нұсқаулыққа сәйкес жыл сайынғы негізде жүргізетін болады.
Кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын шешу үшін нормативтік құқықтық актілерге әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруді, оның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша сұранысқа ие мамандықтарды қосу жолымен мамандықтар тізбесін кеңейтуді көздейтін өзгерістер енгізілетін болады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жас мамандар үшін әлеуметтік қолдаудың қосымша ынталандыру шаралары қабылданатын болады.
Ауылда орналасқан білім беру ұйымдарының (ТжКБ, ЖОО) базасында ауылдық жер үшін сұранысқа ие аграрлық кәсіптер мен ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлерінің мамандықтарын алуға мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлау көзделеді.
Аграрлық кәсіптердің беделін көтеру мақсатында оларды танымал ету шаралары (пиар науқандар, AgroSkilss байқауларын өткізу және т.б.) іске асырылатын болады.
Экологиялық жүктемені төмендету мақсатында экологиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша жағдайлар жасайтын болады.
Шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, бұл тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды басым қаржыландыру; бұрынғы ауылдық аудандардың (Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл және т.б.) статусын қалпына келтіру мәселелеріне, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды қолдау шараларын әзірлеуге, оның ішінде тұрғындарға жалақыға үстемеақы және басқа да әлеуметтік төлемдер беру жөнінде талдау мен ұсыныстар әзірлеуге қатысты болады.
Іс-шараларды орындау кезінде жауапкершілікті арттыру мақсатында мемлекеттік органдар іске асырудың кезеңдік мерзімдері мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, Жол карталарын әзірлейтін болады.
Нысаналы индикаторлар:
Ауылдық аумақтардың орнықты дамуының белгіленген индикаторларына қол жеткізу жобалық басқару жүйесі шеңберінде жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауапкершілігін тұрақты мониторингілеу және бекіту арқылы қамтамасыз етілетін болады.
2027 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін нәтижелер:
Даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекеннің инфрақұрылымын жаңғырту (елдегі ауыл халқының 90%-ы).
Институционалдық қолдау арқылы ауылдық аумақтарды қолдау мен дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу.
Күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 73,5 жас (2021 жылы – 70,8 жас).
Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және
100 спорт нысаны пайдалануға беріледі.
650 мәдениет нысаны салынып, жөнделеді.
Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың
2023-2027 жылдырға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар осы тұжырымдаманың қосымшасындағы Іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.