Борышкерлердің (банкроттардың) мүлігін электрондық аукцион арқылы сату туралы

Борышкерлердің (банкроттардың) мүлігін электрондық аукцион арқылы сату туралы

"Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы Заңында (99-бабының 1-тармағында) талап қою құқығын қоса алғанда, банкроттың мүлкiн сатуды банкроттықты басқарушы (әкімші) сату жоспарына сәйкес не тікелей сату әдісімен электрондық аукцион өткiзу арқылы жүзеге асырылады деп анықталған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 178 бұйрығымен Борышкердің (банкроттың) мүлкін (активтерін) сату бойынша электрондық аукционды өткізу және оны ұйымдастырушыны айқындау қағидалары бекітілді (бұдан әрі - Қағида) электрондық аукционды ұйымдастырушы "Ақпараттық есептеу орталығы" АҚ (бұдан әрі – сауда-саттықты ұйымдастырушы) болып айқындалды

Ереже борышкердің мүлкін сату процесін толық автоматтандыруды көздейді: өтінімдер беруден бастап және аукцион қорытындысын шығаруға дейін. Борышкерлердің мүлігін сату on-line режимінде www.gosreestr.kz. мемлекеттік мүліктің тізілімі веб-порталында жүргізіледі.

Борышкерлердің мүлкін сату туралы хабарландырулар, сондай-ақ сатылатын мүліктің бейнесін, техникалық сипаттамаларын қоса алғанда, сатылатын мүлік туралы барлық ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Мемлекеттік мүлік тізілімінің сайтында «Электрондық сауда алаңы» бөлімінде (www.gosreestr.kz) орналастырылады.

Ережеде әкімші сату жоспарын бекіткеннен кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей сауда-саттықты ұйымдастырушының мемлекеттік мүлік тізілімінің веб – порталында (бұдан әрі-тізілімнің веб-порталы) әрбір лот бойынша қажетті ақпаратты дерекқорға енгізуді қамтамасыз етеді деп көзделген (оның ішінде сатушының деректері, банкроттың атауы, борышкердің заңды мекенжайы, сату объектісінің орналасқан жері, сату объектісі туралы мәліметтер, банк деректемелері және т. б.).

Тізілімнің веб-порталында электрондық аукцион өткізу туралы ақпараттық хабарламаны жариялау үшін әкімші әрбір лот бойынша дерекқорға сату объектісі бойынша мәліметтерді қосымша енгізеді (оның ішінде сату жоспары, сату объектісіне құқық белгілейтін құжаттар, кредиторлар жиналысының хаттамасы және т. б.).

Электрондық аукцион өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін сауда-саттықты ұйымдастырушы тізілім веб-порталында орналастырылған лот бойынша ақпаратқа барлық ниет білдірушілердің еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді, әкімші сату объектісіне барлық ниет білдірушілердің еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

 Электрондық аукционға қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап тізілімнің веб-порталында жүргізіледі және электрондық аукцион басталғанға дейін екі сағат бұрын аяқталады. Электрондық аукционға қатысушы ретінде тіркелу үшін қатысушының ЭЦҚ қойылған бекітілген нысан бойынша тізілімнің веб-порталында электрондық өтінімді тіркеу қажет.

Электронды өтінім беру үшін алдын ала тізілімнің веб-порталында мыналарды көрсете отырып тіркелу қажет:

  • жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге: ЖСН, тегі, аты және әкесінің атын (болған жағдайда);
  • заңды тұлғалар үшін: БСН, толық атауы, бірінші басшысының тегі, аты және әкесінің атын (бар болған жағдайда);
  • екінші деңгейдегі банкте кепілдік жарнаны қайтару үшін банктік есеп-шот деректемелерін;
  • байланыс деректерін (пошталық мекенжайы, телефоны, факс, е-mail).

Электрондық аукцион аукцион залында, демалыс және мереке күндерінен басқа, сейсенбіден бастап жұманы қоса алғандағы кезеңде сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша өтеді, бұл ретте электрондық аукцион Нұр-Сұлтан қаласының уақыты сағат 15:00 кешіктірмей басталады.

Айыртау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы