
Бүгін, 20 тамызда Айыртау ауданының әкімі М.Ж. Мендыбаевтың тапсырмасы бойынша, аудан әкімінің орынбасары Б.М. Жантлеуовтың төрағалығымен ауылдық округ әкімдері мен мамандарына арналған нұсқаулық-оқыту сабағы өткізілді. Оқытуды Айыртау ауданының полиция бөлімі қызметкерлері жүргізді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және тиісті әкімшілік хаттамаларды жасау бойынша қосымша өкілеттіктер берілді.
Атап айтқанда, бұл абаттандыру қағидаларын бұзу және елді мекендердің аумақтарын ластау жағдайларына қатысты.
Осыған байланысты әкімшілік полиция қызметкерлері әкімшілік материалдарды дұрыс рәсімдеу, хаттамалар жасау және ЭРАП планшеттерімен жұмыс істеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқыту сабақтарын өткізді.
Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау, санитарлық жағдайды қамтамасыз ету, коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастауға жол бермеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және үй жануарларын ұстау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан былай ауылдық округ әкімдері мен жергілікті жерлердегі уәкілетті мамандар тұрғындармен жүйелі түрде жұмыс жүргізетін болады: заңнама талаптарын түсіндіреді, тұрғындарға белгіленген қағидаларды сақтау қажеттігін ескертеді, ал құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Құрметті Айыртау ауданының тұрғындары!
Баршаңызды абаттандыру қағидаларын сақтауға, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға, іргелес аумақтардың тазалығы мен санитарлық жағдайын сақтауға, елді мекендерде малдың қараусыз жүруіне жол бермеуге және үй жануарларын ұстау қағидаларын сақтауға шақырамыз.
Біздің ортақ міндетіміз — ауданымыздың елді мекендерін таза, көркейтілген және қауіпсіз ету.
Тазалық — тазалайтын жерде емес, қоқыс тастамайтын жерде!
Ауылдарымыздың тазалығы мен тәртібін бірге сақтайық!