
Петропавл қаласы 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған ауқымды семинар-кеңес өткізу алаңына айналды. Іс-шара Мемлекет басшысының бастамалары мен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті салаға айналдыру жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, заманауи агротехнологияларды енгізу мен өндіріс тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің ең ірі аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,1 триллион теңгеден асып, саладағы тұрақты өсімді көрсетті.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов семинар барысында мемлекеттік қолдау мен ғылымның арқасында облыстың аграрлық секторда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өңір диқандары 6,6 миллион тонна астық және 1,3 миллион тонна майлы дақыл жинады.
Ағымдағы жылы егіс науқанын 4,3 миллион гектардан астам алқапта жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 1 миллион гектарға майлы дақылдар егілсе, 13,3 мың гектарда ылғал сақтау технологиялары қолданылатын болады. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін машина-трактор паркін жаңартуға ерекше назар аударылуда.
Кеңес барысында облыс аудандары өз техникаларын таныстырды. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында өңір алқаптарында жасанды интеллект элементтері енгізілген, өндіріс шығындарын азайтып, дәлдікті арттыратын заманауи кешендер жұмыс істейтін болады.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі іс жүзінде де дәлелденді: шаруаларға жаңа техникалардың кілттері табысталды. «ҚазАгроФинанс» АҚ қолдауымен «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында жеті кәсіпорын басшысына заманауи кешендер берілді. Бұл техникалар жақын күндері егіс алқаптарына шығарылады.