Азық-түлік корпорациясы 2025 жылғы өнімді тікелей сатып алудың басталғанын жариялайды

Азық-түлік корпорациясы 2025 жылғы өнімді тікелей сатып алудың басталғанын жариялайды

19 желтоқсанда Азық-түлік корпорациясы 2025 жылғы өнімнің дәнді және майлы дақылдарын тікелей сатып алуды бастайды. Интервенциялық бағдарлама форвардтық қаржыландырудан кейінгі отандық аграршыларды қолдаудың ең сұранысқа ие екінші құралы болып табылады және оларға ауыл шаруашылығы өнімдерін әділ бағамен кепілді өткізуді қамтамасыз етеді.

Биыл сатып алынатын дақылдар тізбесі кеңейтілді. Ұлттық оператор бидай мен арпадан бөлек, күнбағыс, майлы зығыр және қарақұмықты қабылдайды. Бұл ретте бір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші Азық-түлік корпорациясына дақылдардың барлық түрлері бойынша жалпы көлемі 3 000 тоннадан аспайтын астық тапсыра алады.

Тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша ҚҚС-ты есепке алғандағы алдын ала бағалар:

• 3-сыныпты бидай желімтігі 27% және одан жоғары — 115 000 теңге.

• 3-сыныпты бидай желімтігі 25% және одан жоғары — 94 000-нан 96 000 теңгеге дейін.

• 3-сыныпты бидай желімтігі 23% және одан жоғары — 90 000-нан 92 000 теңгеге дейін.

• 4-сыныпты бидай желімтігі 20% және одан жоғары — 80 000 теңге.

• 4-сыныпты бидай желімтігі 18% және одан жоғары — 78 000 теңге.

• 5-сыныпты бидай желімтігі 18% және одан жоғары — 70 000 теңге.

• 2-сыныпты арпа натурасы литріне 630 грамм — 78 000 теңге.

• Күнбағыс майлылығы 45% — 210 000 теңге.

• Күнбағыс майлылығы 40% — 205 000 теңге.

• Зығыр тұқымы — 215 000 теңге.

• Қарақұмық — 90 000 теңге.

Бағдарламаға ұлттық оператор мен оның аффилирленген тұлғаларының барлық қаржыландыру құралдары бойынша қолданыстағы немесе мерзімі ұзартылған міндеттемелері жоқ фермерлер мен агроқұрылымдар ғана жіберіледі.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мәртебесін растау және өтінім бойынша астық сатып алу көлемін анықтау үшін әлеуетті өнім беруші барлық жерлерден 2025 жылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін жинау туралы анықтаманы және мемлекеттік уәкілетті орган растаған тиісті есепті ұсынуы тиіс. Тікелей сатып алу бағдарламасына қатысуға өтінімдерді Азық-түлік корпорациясының өңірлік өкілдіктері қабылдайды.