
Иорданияда (Амман) өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында грек-рим күресі бәсекелері мәресіне жетті. Еліміздің балуандары жарысты 2 күміс, 2 қола жүлдемен аяқтады.
Құрлық біріншілігінің екінші жарыс күнінде жерлесіміз Омар Сатаев 82 келіде күміс жүлдеге қол жеткізді. Дарынды жас балуан финалда Иран өкіліне есе жіберіп алды. Осылайша ересектер арасында Азия чемпионатында алғашқы жүлдесін иеленді. О.Сатаев іріктеу кезеңдерінде Оңтүстік Корея, Жапония балуандарынан басым түсті.
Сонымен, Шымкент қаласының грек-рим күресінің балуандары құрлық чемпионатында 2 күміс жүлдеге ие болды. Жарыстың алғашқы күнінде жерлесіміз Әлімхан Сыздықов аса ауыр салмақта күміс жүлдегер атанған болатын. Отандастарымыз әрі қарай еркін және әйелдер күресі бәсекелерінде бақ сынайды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі