
Қаламыздың еңбек ардагерлері мен зейнеткерлеріне санаторлық-курорттық қызмет көрсететін «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені Бәйдібек би даңғылы, №101/2 мекен жайындағы жаңа ғимаратқа көшті. Бұрын бір мезетте 70 зейнеткерге қызмет көрсетілетін, ал төрт қабатты зәулім ғимарат сыйымдылығы 120 орындық. Демек, 1 жылда 3 500-ге жуық қарияны тиісті ем-шаралармен қамтуға мүмкіндік бар, осыған дейін жыл сайын 2 мың зейнеткерлерге қызмет көрсетіп келген. Сәйкесінше денсаулықты жақсарту қызметтерінің түрлері де көбейді. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген озық үлгідегі кешенде физиотерапия, массаж, емдік дене шынықтыру және өзге де сауықтыру шаралары жүргізіледі.
Ғимараттың ашылуына қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев орталықты аралап, жұмысымен танысты.
Бүгінде мегаполисте 96 770 зейнеткер тұрады. Олардың денсаулығын жақсарту мақсатында санаторлық-курорттық қызмет алу үшін 5 мың жолдама беру жоспарлануда. Қазір кезекте 26 мыңнан астам адам тұр. Орталықтың кеңеюі күту уақытын қысқартуға ықпал етеді. Санаторлық ем алу үшін зейнеткерлер geo-shym.kz порталы арқылы кезекке тіркелуі қажет.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі