2025 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жарияланды. Бұл бастама еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті дәріптеп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған екені айқын. Осыған орай, Шымкент қаласының әкімдігі бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жобалар Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж басшылары басқосқан көшпелі-брифингте айтылды.
Тағы бір көңіл көншіткен жаңалық, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы өсетін болады. Бакалавриат студенттері 52 372 теңге, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттер 84 000 теңгеге дейін шәкіртақы алатын болады. Магистранттардың шәкіртақысы 117 098 теңгеге, докторанттардікі 262 500 теңгеге дейін артпақ. Әлеуметтік осал топтар үшін де шәкіртақы мөлшері едәуір ұлғайтылады. Жетім балалардың шәкіртақысы 30%-ға, мүгедектігі бар студенттердің шәкіртақысы 50%-ға артады. Бұл шаралар білім алушылардың оқу сапасын жақсартып, олардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге бағытталған.
- Студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттердің сиымдылығы – 10 009 орынды құрайды. Дегенмен, қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханаға тапшылық мәселесі жоқ. Алайда, қаламыздың үлкеюі және халық санының өсуіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орындық жатақхана құрылысын салу жоспарланған, - деді Сәрсен Абайұлы.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген "Келешек" бағдарламасы да сөз болып, бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жастарға болашақта жоғары білім алуға және баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретіні айтылды. Бағдарлама балалардың болашақта жоғары оқу орнында білім алуына немесе кәмелетке толғаннан кейін үй сатып алуы үшін еліміздегі кез келген екінші деңгейлі банктерде немесе сақтандыру компанияларында 5 жастан бастап қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе қаржылық сауаттылықты арттырумен қатар, студенттердің өз мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді.
Жұмысшы мамандықтарды дамыту ел экономикасының тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға маңызды үлес қосары сөзсіз. Шымкент қаласының бұл бағыттағы бастамалары өз нәтижесін беріп, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті арттыруға серпін беретіні анық.
Басқосуда жұмысшы мамандарды даярлау, оларды жұмыспен қамту, кәсіптік және техникалық білім берудегі жаңашылдықтар, ЖОО және колледждердің маман даярлаудағы мүмкіндігі жайы талқыланды. Қаладағы жоғарғы оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Басқосуға қатысқан жоғарғы оқу орындарының басшылары журналистердің тарапынан осы бағытта қойылған сауалдарына нақты жауап берді.