ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАСЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ӨТКІЗІЛУДЕ

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАСТАМАСЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ӨТКІЗІЛУДЕ

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы жаңа форматта басталды. Ауа райының қолайсыздығын және тұрғындардың денсаулығын ескеріп, бұл шараны білім мекемелерінің қабырғасында өткізу туралы шешім қабылданды.

Қаладағы бірнеше мектепте тақырыптық сынып сағаттары өтті. Онда ұстаздар мен оқушылар табиғатқа қамқорлық және Шымкенттің болашақ экологиялық жағдайын талқылады. Педагогтар патриотизм деген түсінік тек сөзбен емес әрекетпен ұштасатынын алға тартты. Акцияға қатысушылар өз қаласының тазалығы үшін әрбір адамның қосқан үлесі маңызды екенін айтып өтті.

Қаратау ауданындағы №72 орта мектеп оқушыларға ардагер-ұстаз Аманбек Ахметбаев, мектеп парламентінің экология министрі Жансая Намаз және мектеп белсендісі Әбдіманап Бидаулет сөз сөйледі.

«Табиғат – біздің Отанымыз, біздің жеріміз. Көшелердің, өзен жағалауларының, саябақтар мен аулалардың тазалығы – бұл біздің Отанға деген сүйіспеншілігіміздің көрсеткіші. Табиғатты елемеу ауыр салдарға әкеп соқтырады. Сондықтан біз, мектеп оқушыларынан бастап үлкендерге дейін, осындай акцияларға қатысуымыз керек. Экологияны жақсартуға бағытталған ізгі еңбек адамдарды біріктіреді», – деп атап өтті Аманбек Ахметбаев.

Қала колледждері де бастаманы қолдады. Жол-көлік колледжінің студенттері экологияға деген жауапкершілік, патриотизм және достық секілді мәңгілік құндылықтарды директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Берік Ешимов пен «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Аружан Әлжанмен бірге талқылады.

Шымкент қаласы табиғатты қорғау мен жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру жөніндегі іс-шаралары арқылы, табиғатқа қамқорлық көрсету әрбір адамның болашағына қосқан үлесі екенін тағы да дәлелдей түсті.