ШЫМКЕНТТЕ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Ел тірегі - Елбасы» атты мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті. Мемлекеттік әнұранмен бастау алған салтанатты жиын Елбасы туралы түсірілген деректі фильмнің көрсетілімімен жалғасын тапты.
 
Барша қала тұрғындарын 1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаған қала әкімі Мұрат Әйтенов мерекенің мән-маңызына тоқталды.
 
«Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтардың 98,7 пайыздық қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті мандатын иеленді.Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіз ел болу үміті қайта жанды. Шешуші сәтте ел тізгінін алған Нұрсұлтан Әбішұлы, осыдан 30 жыл бұрын кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді – табысқа айналдырды. Осылайша қазақ халқы мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялап, асқақ арманға қол жеткізді. Мемлекеттік Туымыз тұғырға қонды, Елтаңба мен Гимн – мақтанышымыз болып бекіді. Ұлттық валюта – теңге экономикалық қорымызды қалыптастырды. Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік құрылымның негіздері айқындалды. Ең бастысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел тарихында алғаш рет заң жүзінде рәсімделген және әлем мойындаған 13 400 шақырымдық мемлекеттік шекараны бекітті. Ел шебін қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау үшін Қазақстанның Қарулы Күштерін құрды»,-деді қала әкімі.
 
Сонымен бірге әкім түрлі салада үздік еңбек атқарып жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мадина Сәдуақасова, Ерке Есмахан, Жұбаныш Жексенұлы, Жанболат пен Жазира өнер көрсетіп, маңызды мерекенің мәртебесін асқақтатты.
 
Сонымен бірге көрермен назарына «Елбасы жолы» фильмінен, студенттік шағынан, Елорданың салынып жатқан кезінен және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерінен бейне кадрлар ұсынылды.
 
Салтанатты жиын соңында барлық қатысушылар сөзін - Н.Назарбаев, әнін - Б.Тілеухан жазған «Елім менің» әнін орындады.