ШЫМКЕНТТІҢ ТАРИХЫ ЮНЕСКО ДЕҢГЕЙІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТТІҢ ТАРИХЫ ЮНЕСКО ДЕҢГЕЙІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Шымкент қаласында «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» тақырыбында екі күнге жоспарланған халықаралық кездесу жиыны өтуде. Іс-шараны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының қатысуымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының қолдауымен қала әкімдігі ұйымдастырып отыр.
 
Кездесуге Орталық Азия елдерінің белгілі тарихшылары мен археологтары, Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшылары, Auezov University ғалымдары қатысып, қаламыздың Ұлы Жібек жолы тарихындағы рөлін, оның Орталық Азия картасындағы бірегейлігін және Шымкенттің тарихи нысандарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігін талқылайды.
 
Іс-шараның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секторының басшысы Фенг Джинг қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
 
Жиында қазақ, орыс және ағылшын тіліне аударма жүргізілуде.
 
Бүгін «Шымкент қаласының тарихи ретроспективасы және болашағы», «Жібек жолының тарихи мәдени кеңістігіндегі Шымкент» және «Шымкент қаласының археологиясы, этнографиясы, музейтануы мәселелері» тақырыптарында үш пленарлық сессия өтеді.
 
26 қазан күні Ферғана-Сырдария сегментіндегі көп ұлтты Жібек жолы номинациясының сарапшыларының кездесуі және Шымкент аумағындағы нысандарды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша вебинар жоспарланған. Оның нәтижесі бойынша сараптамалық қорытындылар мен нысандарды беделді тізімге енгізу бойынша ұсыныстар жасалады.
 
Айта кетсек, жиынға қатысушылар «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне барып, музейлендіру, консервациялау және реновациялау жұмыстарымен, ескі қаланы дамыту жобасымен танысты. Сонымен қатар, қонақтар «Бес қару» этнофестивальінің ашылуына қатысып, суретші Саид Атабековтың қару-жарақ көрмесі мен фотоэкспозициясын тамашалады.