ШЫМКЕНТТЕ БҮЙРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫНЫҢ 255-ОТАСЫ СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ БҮЙРЕК ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫНЫҢ 255-ОТАСЫ СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада бүйрек трансплантациясының кезекті, 255-отасы сәтті орындалды. Созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі бар пациентке туыстық донордың бүйрегі жоспарлы түрде ауыстырылды.

Пациент бірнеше жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен есепте тұрып, гемодиализ қабылдап келген. Негізгі диагнозы – тубулоинтерстициалды нефрит салдарынан дамыған созылмалы терминалды бүйрек жеткіліксіздігі.

Донор мен реципиент тиісті хаттамаға сай медициналық тексерулерден толық өтіп, заңда көрсетілген келісімдер алынды.

Трансплантация отасы сәтті аяқталып, донор мен реципиент қарқынды терапия және реанимация бөліміне ауыстырылды.

Қазіргі уақытта пациенттердің жағдайы тұрақты. Көрсеткіштері қалыпты. Реципиентте бүйрек қызметінің ерте қалпына келуін көрсететін жақсы диурез байқалуда. Операциядан кейінгі емдеу және бақылау шаралары медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Шымкенттік дәрігерлер ағзаларды трансплантациялау саласындағы жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамыту және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда.