ҚАЛА ӘКІМІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ҚАЛА ӘКІМІ ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Жиынға Таскен, Нұртас, Нұрсәт және Тараз шағынаудандарының тұрғындары қатысты.

 Кездесуде автотұрақтар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен суару арықтарын абаттандыру, балалар ойын алаңдарындағы элементтерді орнату және ауыстыру, сондай-ақ, аялдамаларды жаңарту мәселелері көтерілді.

 Тұрғындар, сонымен қатар, баспана кезегіне қою, аулаларды абаттандыру және үйлерді жаңарту бағдарламасына қатысу, оның ішінде лифтілерді ауыстыру мәселелерін қозғады.

 Тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға мүдделі тұрғындармен жеке кездесу өткізіп, бағдарламаға қатысу шарттарын, көп пәтерлі үйлерді күтіп-ұстау тәртібі мен ережелерін егжей-тегжей түсіндіру тапсырылды.

 Бұған қоса, үйлердегі инженерлік желілердің жағдайына, газ қысымының төмендігіне және электр қуатының сөніп қалу жағдайларына ерекше назар аударылды.

 Қала әкімі атап өткендей, бұл мәселелер белгілі. Бірқатар тұрғын алаптағы газ және электр желілері – жеке меншікте. Сонымен қатар, кейбір ескірген трансформаторлар артып жатқан жүктемеге шыдамай отыр.

 Қазіргі таңда қалада газ және электрмен жабдықтаудың жаңа мемлекеттік желілері кезең-кезеңімен салынуда, энергетикалық инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл жұмыстар аяқталған сайын тұрғын алаптарын коммуналдық қажеттілікпен қамтамасыз ету деңгейі арта түседі.

 Кездесу соңында мегаполис басшысы тұрғындарға белсенділіктері және ашық диалог орнатқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, аудан әкіміне тұрғындардың барлық өтінішін пысықтап, әр мәселе бойынша ықтимал шешімдер мен орындалу мерзімдерін айқындауды тапсырды.