
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Жиынға Ұлағат шағынауданы, Алдияров көшесі және Достық, Базарқақпа, Тоғыс тұрғындары қатысты.
Кездесуде тұрғындар жергілікті жерде шешуді қажет ететін бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, жолдарды кеңейту, балалар алаңшаларын салу, бейнебақылау камераларын, бағдаршамдар мен жасанды жол кедергілерін орнату, автобус бағыттарын ұзарту және аумақтарды абаттандыру мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ, коммуналды инфрақұрылымға қатысты мәселелер жеке талқыланды: үйлерді кәріз желілеріне қосу, электр желілері мен трансформаторларды жөндеу, көп қабатты үйлерді жаңарту бағдарламасына қатысу мәселелері қаралды.
Тұрғындар әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту қажеттігіне де назар аударды. Ұлағат шағынауданында балабақша мен емхана салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылса, Тоғыс тұрғын алабында спорт кешенін салу ұсынылды.
Айтылған барлық мәселе бойынша тұрғындарға толық жауап берілді. Мегаполис басшысы шымкенттіктерге кездесуге белсенді қатысып, нақты ұсыныстар айтқаны үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, мұндай форматтағы кездесулер мәселелерді тұрғындардың өз ортасында зерделеп, ең өзекті түйткілдерді анықтауға және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.