
Шымкент қаласы, Көксай шағын ауданында тұрғын үй реновациясы бағдарламасы жалғасып жатыр. Бүгін аталған бағдарлама аясында тағы 6 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Баспаналардың кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады.
Қалада бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан реновация бағдарламасы тозығы жеткен үйлерде тұратын тұрғындардың баспанасын жаңартуға бағытталған. Яғни, қатысушыларға бұрынғы ескі үйіндегі бөлме саны мен сол үйдің тұрғын алаңына сай келетін, бірақ, су жаңа пәтерлер беріліп жатыр.
Бұл жолы да Көксай шағын ауданындағы 6 отбасыға Тұран және Шымсити шағын аудандарынан сондай жаңа пәтерлер берілді. Тұрғындарға баспаналарының кілтін табыстаған қала әкімі оларды қуаныштарымен құттықтап, жаңа үйлерінде берекелі ғұмыр кешуіне тілектестік білдірді.
«Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Үйлеріңізге ырыс-береке толсын. Әр шаңырақта тыныштық пен татулық орнап, отбастарыңыз аман болсын», – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Жаңа пәтерге ие болған тұрғындардың бірі Қаршыға Әлиева да қала басшылығына алғысын білдіріп, жаңа баспанаға қоныс аударуға дайындалып жатқанын зор қуанышпен жеткізді.
«Осындай қуанышты күнге жеткізген қала басшылығына үлкен рақмет айтамын. Көптен күткен жаңа үйімізге ие болып, енді отбасымызбен жайлы баспанаға қоныс аударғалы отырмыз. Жаңа үйдің кілтін қолымызға алу – біз үшін үлкен қуаныш. Жаңа баспанамызда берекелі, бақытты күндеріміз көп болсын деп тілеймін», – деді.
Тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын жаңа пәтерлерге көшіру – қаладағы тұрғын үй қорын жаңартудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қауіпсіз әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.