ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН БАРДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН БАРДЫ

Ұлттық құндылық пен азаматтық жауапкершілікті ұштастырған «Ата салты – бүгінгі күн» патриоттық флешмобы Шымкент қаласындағы Құрылтай сайлауында ерекше көрініс тапты.

Ұлттық нақыштағы киім киген жастардан құралған 20 адамнан тұратын екі топ №360 және №189-сайлау учаскелеріне барып, Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады.

Жастардың ұлттық киіммен сайлау учаскелеріне келуі тұрғындардың назарын аударып, сайлау күніне ерекше сән берді. Флешмоб арқылы қатысушылар атадан балаға жалғасқан салт-дәстүрдің бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын көрсете отырып, ұлттық болмысты азаматтық белсенділікпен сабақтастырды.

Шараның негізгі идеясы – ата салтын құрметтеу мен ел алдындағы жауапкершіліктің өзара үндестігін көрсету. Ұлттық киімдегі жастардың сайлауға қатысуы бір жағынан ұлттық құндылықтарға деген құрметті танытса, екінші жағынан елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласудың үлгісін көрсетті.

Флешмобқа қатысушылардың айтуынша, дәстүрді дәріптеу – өткенді құрметтеу болса, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу – бүгінгі ұрпақтың азаматтық жауапкершілігі.

Осылайша, ұлттық нақыш пен заманауи азаматтық белсенділік бір арнада тоғысып, сайлау учаскелерінде ерекше атмосфера қалыптастырды.

«Ата салты – бүгінгі күн» – ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті сабақтастырған жастар бастамасы.