ШЫМКЕНТТІҢ СЛАВЯН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ЕЛ БОЛАШАҒЫН ТАҢДАУДА

ШЫМКЕНТТІҢ СЛАВЯН ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ ЕЛ БОЛАШАҒЫН ТАҢДАУДА

Шымкентте славян этномәдени бірлестігінің өкілдері Қазақстан тарихында өтіп жатқан алғашқы Құрылтай сайлауына белсенді қатысуда. Биыл өзінің 35 жылдығын атап өтетін бірлестік жоғары азаматтық белсенділік танытып, №36 жалпы білім беретін орта мектепте орналасқан №169 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Сайлау учаскесінде ерекше мерекелік көңіл күй қалыптасқан. Мұнда жанды музыка ойналып, әсерлі әндер шырқалды. Дауыс беруге келген тұрғындар әуенге қосылып, тіпті билеп те жатты. Қала тұрғындары таңғы сағат 7:00-ден, яғни учаске ашылған сәттен бастап дауыс беруге келіп, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.

Сайлауға қатысушылардың айтуынша, бұл сайлау барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Өйткені әр азаматтың таңдауы елдің тұрақты дамуы мен ортақ шаңырағымыздың одан әрі өркендеуіне ықпал етеді.

Учаскедегі ең жасы үлкен сайлаушы – славян этномәдени бірлестігінің «Светоч» хорының концертмейстері, 87 жастағы Анатолий Антонович Евтухов. Ұзақ жылдар бойы педагогикалық және шығармашылық қызмет атқарған ақсақал жасының ұлғайғанына қарамастан, сүйікті ісін жалғастырып келеді. Ол сайлау учаскесіне арнайы келіп, азаматтық таңдауын жасады. Құрмет белгісі ретінде ұйымдастырушылар оған естелік сыйлық табыстады.

«Сайлау – өте маңызды іс. Барлығы жақсы ұйымдастырылған, маған бәрі ұнайды. Мен осында өмір бойы тұрып келемін, Шымкентте дүниеге келдім. Мен үшін бұл – жер бетіндегі ең жақсы қала. Өйткені мұнда ауа райы жылы, халқы мейірімді», – деді Анатолий Евтухов.

Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова да бүгінгі күннің тарихи маңызына тоқталды.

«Бүгін біз үшін, жалпы барша жұрт үшін керемет тарихи оқиға. Мен таңертең өзім білім алған Горький атындағы мектебімде дауыс бердім. Ол жерде 10 жыл оқыдым. Бүгін әріптестеріммен, «Светоч» хорының мүшелерімен бірге осында келгеніме өте қуаныштымын. Олар да сайлау науқанына белсенді қатысып жатыр.

Бұл – тарих. Осындай тарихи оқиғаға қатысу мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Таңертең тарих кабинетінде болғанымда, өзімді осы мектепте оқып жүрген кезім есіме түсті. Кеше ғана оқушы, кішкентай қыз болсам, бүгін азамат ретінде достарыммен, әріптестеріммен бірге үлкен тарихи оқиғаға қатысып отырмын.

Баршамызға бейбітшілік пен жасампаздық тілеймін. Еліміз өркендей берсін. Өз қолымызбен жасап жатқан дүниелерімізді бағалап, Қазақстандағы бейбітшілікті сақтай білейік», – деді Наталья Романова.