
Шымкент қаласындағы №228 сайлау учаскесінде сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Мұнда барлығы 2588 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру барысын төрт қоғамдық ұйымнан келген байқаушылар бақылап отыр.
Сайлау учаскесінен шыққан тұрғындарды ерекше акция қарсы алды. Ұлттық тағамымыз – бауырсақ бейнесіндегі «Көңілді Бауырсақ» қуыршағы сайлаушыларға ыстық бауырсақ ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ыстық бауырсақтан дәм татқан азаматтар ерекше форматтағы шараға ризашылықтарын білдірді.
Акцияға Шымкент қалалық қуыршақ театрының ұжымы да ұйымшылдықпен қатысты. Театр қызметкерлері бірге келіп, дауыс беру арқылы азаматтық белсенділіктерін танытып, өз таңдауын жасады. Осылайша, ұжым Қазақстан тарихында өтіп жатқан алғашқы Құрылтай сайлауынан қалыс қалмай, маңызды саяси науқанға өз үлесін қосты.
«Бұл – Қазақстан тарихында өтіп жатқан алғашқы Құрылтай сайлауы. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауын жасауы маңызды», – дейді акцияға қатысушылар.
Ұлттық құндылықты көңілді форматта дәріптеген бастама сайлау күнінің ерекше сәттерінің біріне айналды. Ыстық бауырсақ пен көтеріңкі көңіл күй тұрғындарға алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауының қоғамдық маңызын сезіндіре отырып, ұлттық дәстүрдің де ажырамас бөлігі екенін көрсетті.
#ҚұрылтайСайлауы #АлғашқыҚұрылтайСайлауы #ҚазақстанТарихындағыАлғашқыҚұрылтай #Шымкент #Сайлау2026 #КөңілдіБауырсақ #ҚуыршақТеатры #АзаматтықБелсенділік #ҰлттықҚұндылық #СаналыТаңдау #ЕлБолашағы #Шымкент2026