
Шымкент қаласында мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және бизнес қауымдастығы өкілдері бас қосқан «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу» форумы өтті.⠀
⠀
Форум барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері, инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды. Ашық диалог форматында өткен жиында қатысушылар өзекті проблемаларды ортаға салып, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырды.⠀
⠀
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, бүгінде комитет жалпы құны 110 триллион теңгені құрайтын 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде.⠀
⠀
– Жыл басынан бері прокуратура органдары 450-ден астам проблемалық мәселені шешуге ықпал етті. Әрбір инвестициялық жобаға прокурор бекітілген. Оның негізгі міндеті – әкімшілік кедергілер мен құқықтық тәуекелдердің алдын алып, жобалардың тұрақты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, – деді ол.⠀
⠀
Форумда Шымкент қаласының инвестициялық әлеуетіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда мегаполисте жалпы құны 4,3 триллион теңгені құрайтын 158 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.⠀
⠀
Инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың бастамаларын қолдау өңірдің тұрақты экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл жергілікті прокуратура органдары 103 инвестордың мәселесін шешуге жәрдемдесіп, жобаларды жүзеге асырудағы әкімшілік кедергілер жоюға ықпал етті.⠀
⠀
Форум қорытындысында Шымкент қаласының әкімдігі, прокуратурасы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.⠀