
41 жастағы науқас ұзақ жылдар бойы созылмалы іш қатуынан зардап шегіп келген. Бірнеше рет мамандардың қарауында болып, ем қабылдағанымен, денсаулығында айтарлықтай жақсару болмаған. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде науқасқа долихосигма диагнозы қойылды. Бұл – өте күрделі диагноз.
Науқастың жағдайын жан-жақты саралаған дәрігерлер хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады. Оның ерекшелігі – науқастың іш қуысы үлкен көлемде кесілмей, бірнеше шағын тілік жасалды. Лапароскопиялық әдіспен жасалған ота барысында сигма тәрізді ішектің зақымданған бөлігі алынып, аппараттық колоректальды анастомоз қалыптастырылды.
Бұл әдістің артықшылығы – операциядан кейінгі ауырсынудың аз болуы, науқастың тез қалпына келуі, асқыну қаупінің төмендеуі және қалыпты өмірге жылдам оралуына мүмкіндік беруінде.
Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық лапароскопиялық операция қалалық №1 клиникалық ауруханада алғаш рет жасалып отыр. Бұл – ауруханада заманауи хирургиялық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.