ҚАЛА ӘКІМІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЛА ӘКІМІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Көшпелі кездесулердің қорытынды күнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданында болып, Қойкелді батыр көшесі мен Оңтүстік, Айнатас және Достық шағынаудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала тұрғындары өзекті мәселелерді көтеріп, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Салаға жауапты құрылымдардың өкілдерімен бірлесіп жер қатынастары, ирригациялық жүйенің жұмысы, инженерлік инфрақұрылымға қосылу және желіні тарту, трансформаторлық қосалқы станциялардың жай-күйі, сондай-ақ, балалар және спорт алаңдарын, оның ішінде шағын футбол алаңдарын салу мәселелері жан-жақты қаралды.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларға Көксай ауданын жаңарту тұжырымдамасы мен тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасын іске асыру тетіктері түсіндірілді. Бұдан бөлек, ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орнату, ішкі жолдарды кеңейту, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату мәселелері де талқыланды.

Қала әкімі аудан әкімдігі мен тиісті басқармаларға тұрғындардың өтініштерін уақтылы қарау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Мегаполис басшысы қабылданып жатқан барлық іс-шара халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы, бей-жай қарамайтын көзқарасы және қаланың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.

Айта кету керек, көшпелі кездесулер барысында түскен барлық өтініш жүйелендіріліп, жан-жақты пысықталғаннан кейін оларды кезең-кезеңімен шешуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленеді.