
Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXXVI сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыс онлайн форматта тікелей эфирде көрсетілді.
Күн тәртібінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған сегіз мәселе қаралды. Соның ішінде негізгі мәселелердің бірі Шымкент қаласының 2025 жылғы бюджетінің орындалуы туралы есептерді бекіту болды. Талқылау барысында бюджет қаражатын игеру, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың тиімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есеп қаралды. Депутаттар инвестициялық міндеттемелердің орындалуын, жобалардың жүзеге асырылу жағдайын және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, депутаттар Тұран ауданының әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттың бағдарламасын тыңдап, аталған қызметке Біржан Әзімбердиевтің кандидатурасын мақұлдады. Сондай-ақ, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасында атқарылған жұмыстардың есебі қаралды. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы бағыттарының тізіміне қосымша үш бағытты енгізу туралы шешім қабылданды.
Сессия барысында сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар да қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Отырыс соңында қаланың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Құрмет грамоталары табысталды.