БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкенттегі Түркістан сарайында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалығымен жиын өтті. Құқық қорғау органдарының, білім беру саласының және өзге де жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысқан алқа отырысында Шымкент қалалық білім басқармасының 2025-2026 оқу жылында атқарған жұмысы қорытындыланды.

Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов салада жүзеге асқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, есірткі қылмыстарының және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, мектеп формасының сақталуы мен тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытындағы шаралар талқыланды.

Жиында 25 мамырдағы соңғы қоңырау іс-шаралары мен аттестат тапсыру рәсімдерін қауіпсіз әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар бойынша жауапты сала өкілдері баяндама жасады.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал, санитариялық талаптардың сақталуы және жаңа оқу жылына дайындық барысы сараланды. Орта білім беру ұйымдарының жұмысына жүргізілген саралау нәтижелері де таныстырылып, білім сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқу жылын сапалы аяқтау, балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаңа оқу жылына дайындық жұмысын уақтылы аяқтау бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.